ҚазҰУ ректоры Қытай жазушысы Акбар Мәжитпен кездесті

15 тамыз, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Қытайдың танымал жазушысы, ҚХР Халықтық саяси консультативтік кеңесінің экс-депутаты,  жазушы, аудармашы Акбар Мәжитпен кездесу өткізді.

Акбар Мәжит – ҚХР Жазушылар одағының мүшесі, Қытай мемлекеттік сыйлығының лауреаты, оннан астам кітаптың, оның ішінде Абай шығармаларын қытай тіліне аударған қаламгер.

Жансейіт Түймебаев қаламгермен білім, ғылым, руханият мәселелері бойынша пікір алмасып, ҚазҰУ мен Қытай университеттерінің серіктестігін ілгерілету маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар жүздесуде ҚазҰУ мен Қытай ЖОО-лары арасындағы тығыз қарым-қатынас бағыттары  талқыланды.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қытай ЖОО-ларын маңызды серіктес деп санайды. Бүгінде екі ел арасындағы академиялық ұтқырлық, ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Көрші мемлекетпен жоғары білім мен ғылым бағытындағы байланыстар жан-жақты дамып келеді», - деді ректор.

Өз кезегінде Акбар Мәжит ілтипат білдіргені үшін ҚазҰУ басшылығына ризашылығын жеткізіп, бірқатар ұсынысын ортаға салды.

«ҚазҰУ-дың соңғы жетістіктерімен танысып, оқу ордасының ғылыми әлеуеті артқанын байқадым. Алдағы уақытта ҚазҰУ ғалымдарымен бірлесіп халықаралық журналдарға ғылыми мақалалар жариялауды қолға алмақпыз. Сол бағытта бірлесіп жұмыс атқаруға дайынбыз», - деді  Акбар Мажит.

Сондай-ақ жүздесуде тараптар журналистика, филология салаларындағы өзара ықпалдастықты кеңейту мәселелеріне айрықша назар аударды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі