Алматы қаласы әкімінің орынбасары ҚазҰУ-да қонақта болды

30 қазан, 2015

Индустриалды-инновациялық даму, сауда-саттық пен орта және шағын бизнес, туризм мен табиғатты пайдалану мәселелерін қадағалайтын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов ҚазҰУ-дың ғалымдарымен және оқытушы профессорлық құрамымен кездесті.

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Ерлан Әукеновке университет қызметінің негізгі бағыттары мен «еліміздің индустриалды-инновациялық дамуы» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыратын жоғары білікті маман дайындаудағы жетістіктері жайлы егжей-тегжейлі баяндады.

Е.Әукенов ҚазҰУ-дағы Ғылыми-Технологиялық паркін, студенттерге қызмет көрсету орталығын, әл-Фараби кітапханасы мен ЖОО факультеттерін аралап, университет студенттерімен және қызметкерлерімен сұхбаттасты. Сонымен қатар жоғары оқу орнының инфрақұрылымымен және ғылыми лабораториялардың жұмысымен танысып, жас ғалымдармен кездесті. Механика-математика факультетінің ғалымдары Алматы қаласы әкімнің орынбасарына нанотехнологиялар, микроэлектроника мен компьютерлік модельдеу саласындағы жүзеге асып жатқан жобалар туралы баяндады. Сондай-ақ, факультет зертханасында «ЭКСПО-17» көрмесіне дайындалып жатқан зерттеулердің қыр-сырын ашып, алдыңғы қатарлы ғылыми еңбектерін көрсетті. Әңгіме кезінде жұмыс берушілердің сұранысы ескеріле отырып, студенттерге арнайы жаңа оқыту бағдарламасының жүзеге асатындығы да тілге тиек етілді. Студенттер Hewlett Packard, Samsung, Inspur, Cisco және өзге де алдыңғы қатарлы шетелдік компаниялармен бірлесіп дайындалған оқыту бағдарламалары бойынша дәріс алып, машықтанады. Сонымен қатар ҚазҰУ басшылығы шетелдік компаниялармен бірлесе отырып, студенттерді оқыту және жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша жұмыс жасауда.

Кездесу соңында Ерлан Әукенов ҚазҰУ студенттері мен ғалымдарына оқуда және ғылыми қызметте табысты еңбек етуге тілек білдірді.