ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНДАҒЫ 9 НАҚТЫ МӘСЕЛЕ
2024 жылдың 2 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Президент жолдауында 9 нақты мәселелерді талқылай отырып, атқарылатын іс-шараларға ерекше тоқталып өтті. Атап айтқанда: 1. «Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет», 2. «Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды», 3. «Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажет», 4. «Инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажет», 5. «Еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды», 6. «Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек», 7. «Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі. Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек», 8. «Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру керек», 9. «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет».
Президент жолдауында Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша дамыту негіздері қарастырылды. Сонымен қатар, Президент жолдауында қазақстан халқының медициналық сақтандыру жағдайы, экономикалық дамуы, еліміздегі өнеркәсіптің дамуы, құқықтық мәселелер және «Таза Қазақстан» аясында жобаларды дамыту, ғылым мен білім берудегі өзекті мәселелер талқыланды.
Жоғарыда аталған бірнеше мәселелерге жан-жақты тоқтала отырып, оларды дамытуға арналған бірегей бағдарламалардың қажеттілігін баса айтты.
Атап айтқанда, Парламенттің атқарған жұмыстарына ерекше тоқталып, әртүрлі өзекті мәселеге арналған 102 заңның қабылданғанын айтты. Аталған заңдардың ішінде қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдар және ғылым мен технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдардың күшіне енгендігіне ерекше тоқталды.
Сонымен қатар, жолдауда тағы бірнеше заңдардың жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады.
Мәселен, әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінді, Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданып, іске асырылуда. Балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатындығын және кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жазаны қатаңдықпен ескертті. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заңдарға тоқталып, отбасылық мәселелерге де ерекше назар аударды.
Сонымен қатар, жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейту керектігін баса айтты. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арналған жолдауын қорытындылай келе, жұмысшы топтардың еңбегін айрықша бағалап, келесі жылды «Жұмысшылар жылы» деп атауға ұсыныс білдірді.
Сарбасов Болатхан Серғазыұлы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының
профессор м.а,. филология ғылымдарының кандидаты