Ел дамуына үлесімізді қосайық

3 қыркүйек, 2024

Сонымен бірге Мемлекет басшысының «Ірі кәсіп иелері осы елдің азаматы ретінде ел игілігіне жарайтын мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады. Ал одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады» деген сөзі де көкейге қонды.

Президент агроөнеркәсіп кешенін дамытуға байланысты тың ойларын айтты. Өте орынды. Мәселен, ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген субсидияны шын мәнінде дала төсінде еңбектеніп жатқандар емес, шенеуніктермен жең ұшынан жалғасқан пысықай делдалдардың алып кететіні туралы ішінара естіп қаламыз.

Осы тұрғыда біздің кафедраның ғалымдары да ауыл шаруашылығын дамыту үшін қажетті, маңызды ғылыми жобалармен айналысып жатқанын айтқым келеді. Атап айтқанда, түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарының, өзге де өсімдіктердің (мысалы, сексеуіл) ұрықтарын полимер үлдірмен орау арқылы алғашқы егілген кезде олардың түрлі зиянкестерге, табиғи сынақтарға төтеп беруіне қол жеткізуге болады. Әйтпесе, бүгінгі таңда дүкендерде сатылатын көкөніс ұрықтарының барлығы дерлік өзге елдерден келген.

Президенттің «Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды» деген сөзі де көңілден шықты. Өйткені, астық өндірушілердің күзде өз өнімдерін сата алмайтыны жөнінде жиі естиміз. Ал, дәл сол кезде жерде бір күн де жұмыс істемеген, жең ұшынан жалғасып, мемлекеттен шет елге астық сатуға лицензия алған пысықтар астықты дихандардан барынша арзан бағаға сатып алып, шет елге үстеме баға қойып сатады екен. Бұдан кейін қарапайым еңбек адамының жұмыс істеуге зауқы да болмайды.

Мемлекет басшысы мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту – маңызды міндет екенін айтып кетті. Осы тұрғыда, біздің кафедрада биоыдырайтын полимер үлдірлер алу үшін ғылыми ізденістер, жұмыстар жасалып жатқанын айта кеткен жөн деп білемін.

Иә, мемлекет басшысының экономика, экологиялық ахуал, денсаулық сақтау, білім беру саласы, елде заң мен тәртіптің сақталуы т.б. мәселелерге қатысты айтқан ойларының барлығы да құптарлық.

Президент сөзінің соңында: «Әр адамға және баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекетті, яғни Әділетті Қазақстанды болашаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет.

Мен Мемлекет басшысы ретінде осы міндетті орындауға бар күш-жігерімді саламын. Сіздер де ортақ мақсатқа жету үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін», - деді. Ендеше, біз де өз саламызда нәтижелі еңбек етіп, еліміздің дамуына үлесімізді қосқанымыз абзал.

Перизат ҮРКІМБАЕВА , химия ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУдың доценті