Ең тиімді инвестиция – білім
Жаһандану уақытында білімге салынған салымдар, ең тиімді инвестициялар болып саналады. Дәл осы ұстанымды ұстанған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы соңғы 4 жылдың көлемінде үздік студенттерге қолдау көрсету үшін демеушілермен жұмыс жасап келеді. Игі бастама ҚазҰУ-да әдемі дәстүрге айналды.
Жақында ғана Korea Sanhak Foundation Оңтүстік Корея Қоры ҚазҰУ-дың шығыстану, химия және химиялық технология, биология және биотехнология, физико-техникалық және халықаралық қатынастар факультеттерінің студенттеріне 300 мың теңге көлемінде жеке 10 стипендия тағайындады. Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жапония үкіметімен де тығыз қарым-қатынаста екенін ерекше атап өту керек. Жапон үкіметі жапон тілін үйреніп, мәдениетіне қызығушылық танытып жүрген студенттерге қолдау көрсетуде. Жыл басынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қиыр Шығыс кафедрасынан 8 студент, жалпы соммасы 82 мың долларды құрайтын білім беру грантына ие болды. Мұндай әріптестік нәтижесінде университет ең біріншіден зияткерлік тұрғысынан үлкен жетістіктерге қол жеткізеді. Ал студенттер өз кезегінде біліктіліктерін арттырып, шет тілін тереңірек меңгереді және әлемдік жетекші университеттердің білім беру технологиясын игереді.
Бірнеше жылдың көлемінде студенттерді қолдауға бағытталған әлеуметтік жобаға көптеген отандық және шетелдік компаниялар жұмылдырылды. 2014-2015 жылдың өзінде ҚазҰУ-ға жұмылдырылған демеушілер есебінен 608 студент, жалпы сомасы 55 млн. теңге болатын арнайы стипендияға ие болды. Осы жоба жүзеге асқалы 4 жылдың ішінде демеушілер тарапынан студенттерді қолдауға тартылған жалпы қаржы мөлшері 125 млн.теңгеден асты. Шәкіртақылардың басым бөлігі оқуда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген, ғылыми зерттеу жұмысымен айналысып жүрген белсенді әрі әлеуметтік қорғалмаған және аз қамсыздандырылған студенттерге бөлінеді.
Демеушілік көрсетіп отырған компаниялар үшін кәсіби мамандарды дайындау маңызды факторлардың бірі. Нарықтағы бәсекелестік кезінде компанияның не ұйымның жемісті жұмыс жасауы тек жоғары білікті кәсіби маманға ғана байланысты. Әрбір отандық және шетелдік демеушілер білімге инвестиция сала отырып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен сенімді серіктестік орнатып, өздеріне болашағынан зор үміт күттіретін білікті жас мамандарды даярлауда. Осындай қолдаудың нәтижесінде студенттер оқу барысында еңбек нарығындағы сұранысты қанағаттандыруға бағыт-бағдар алатын болады.