Білім беру саласындағы жаңа бағдар

3 қыркүйек, 2024

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жолдауында білім беру жүйесінің маңыздылығына ерекше көңіл бөлінді. Бала тәрбиесі ұлттық сапаны жақсартудағы маңызды рөлге ие, сондықтан мектепке дейінгі тәрбиені дамытуға ерекше мән берілуі қажет. Балабақшалармен қамту мәселесін шешу және тәрбиешілердің мәртебесін көтеру маңызды міндеттер ретінде белгіленді. Жолдауда орта білім беру саласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 800 мың балаға заманауи мектептерде білім алу мүмкіндігі ұсынылатыны айтылды. Бұл ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты азайтуға бағытталған қадам. Жобаның арқасында еліміздің кез келген өңірінде озық білім алуға мүмкіндіктер тең болады деген ойдамыз.
Ұстаздардың қоғамдағы рөлін арттыру мәселесіне де баса назар аударылды. Ұстаздардың құзыретін арттыратын реформалар қолға алынбақ. Жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндері мен ағылшын тілін оқытуға ерекше мән беріледі. Сонымен қатар, көп тілді меңгерген ұрпақ тәрбиелеу қажеттігі де атап өтілді. Бұл балалардың болашағын нығайтуға ықпал етеді, саналы ұрпақ, сапалы капиталды арттыруға жол ашады.
Жоғары оқу орындарында білім беру сапасын арттыру үшін гранттар әртүрлі деңгейде бөлініп, жеңілдетілген несие беру жоспарлануда. Бастаманы білім алудың қолжетімділігін арттыруға бағытталған үлкен қадамдардың бірі деп есептеуге болады. Жолдауда студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы бұл мәселені шешу көзделіп отыр. Болашақта эндаумент-қорлар білім беру экожүйесінің маңызды бөлігіне айналып, университеттердің ғылыми және инновациялық жағынан дамуына септігін тигізетіні де айтылды.
Жолдауда көзделген бағдарлар білім беру саласын жақсартуға бағытталған нақты қадамдарды көрсетіп, болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына жол ашады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру саласына қатысты ұсынған реформаларын еліміздің болашағына салынған инвестиция ретінде қарастыруға болады. Білім беру сапасын жақсарту арқылы жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, қоғамдағы әділеттілікті нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар жасалуда.
Бұл жолдауда айтылған тапсырмалар білім беру саласындағы маңызды мәселелерді шешудің нақты қадамдарын ұсынып, ұлттың дамуы мен болашағына бағытталған реформалардың тиімді жүзеге асуына ықпал етеді деп ойлаймыз.

Б. Каспихан,
Филология факультетінің
2-курс докторанты