Жолдау 2024

3 қыркүйек, 2024

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент сессиясының кезекті сессиясында дәстүрлі түрде Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Былтырғы жылғы жолдауда көтерілген мәселелердің орындалуына тоқталып, биыл да алда қойылатын мәселелерді түрлі бағыт бойынша атап өтті.  Жолдау көптің көңілінде жүрген ойларға қозғау салды. 
Президент балабақша, орта білім және жоғары білім саласына арнайы тоқталып өтті. 2-6 жас аралығындағы барлық бала балабақшамен қамтамасыз етіліп,  үш ауысымда жұмыс жасап жатқан мектептердің түйткілді мәселелері шешілетінін айтты. 2025 жылы 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасалатыны ұстаздар қауымы мен ата-аналарды қуантып тастады. Және де ұстаздардың құзырет аясы айқындалатыны оқытушылар үшін жақсы жаңалық болды. 
Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайызға дейінгі аралықта болады» -деді. Сонымен қатар жолдауда айтылған білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие берілетіні, сонымен қатар студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыратыны студенттер үшін зор мүмкіндік болатыны сөзсіз. Мемлекеттің болашағы жастар екенін ескеретін болсақ, жоғары білімнің қолжетімділігін арттыратын мұндай шаралар ғылым мен білімнің дамуына ерекше серпін беретіні айқын.
Өскелең ұрпақ пен еңбек адамына, шағын және орта бизнеске ерекше назар аударылатыны да қоғамның ілгері дамуына септігін тигізетіні анық. 
Орамды ойлар айтылған кезекті сессияда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді дамудың даңғыл жолына бастап бара жатқанын аңғаруға болады. 
Жолдаудың қойған міндеттері өте зор. Онда айқын бағыт-бағдар көрсетіліп, нақты тапсырмалар жүктелді.  Осы орайда Әділетті Қазақстан құру жолында ең алдымен өркениеті дамыған қоғам құру маңызды екендігін ескеріп, еліміздің болашағы баянды болсын десек, жаңа белестерді бағындыруға жетелеп, ортақ мүддеге топтастыратын Жолдаудың жүйелі орындалуы үшін әр азамат бірге атсалысқаны ләзім.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Карбозов Ерхан
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультеті қазақ тілі мен әдебиеті  мамандығының 1-курс  студенті Илесбекова Айида