ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ТІЛДЕРІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

5 қыркүйек, 2024

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары,

студенттері, магистрант, докторанттары!

 

Сіздерді Қазақстан халқы тілдері күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген тұжырым жасаған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:  «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі», – деп атап өткен болатын.

Сонымен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыруды, қазақ тілінде жасанды интеллект құру және ғаламдық цифрлық платформаларды қазақшалап, тіл үйренуге мүмкіндік беретін отандық ақпараттық жүйелерді көбейту қажеттігін тапсырды.

Бүгінгі күні қазақ тілі ұлтты ұйыстырудың құралы, білім мен ғылымның, іс жүргізудің тіліне айналуда.

ҚазҰУ ғалымдары қазақ тілін оқыту мен қолданыс аясын кеңейтуге, мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға белсене атсалысуда.

Биыл университет ғалымдары «Қазақ тілін және технологиялық прогресті қолдау үшін үлкен тілдік модельді (LLM) құру» тақырыбында 3 млрд теңгенің мегажобасын ұтып алды.

Жобаның мақсаты – LLM оқыту үшін деректер қорын жинау және талдау, LLM моделін жасау және өнімділікті оңтайландыру, әзірленген тілдік модельді әртүрлі жүйелер мен платформаларға біріктіру.

Қазақ тілінің заманауи тілдік моделін құру еліміздің цифрлық тәуелсіздігін нығайтуға жол ашады.

Бұл мегажобаны ҚазҰУ Назарбаев университеті, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы, Ақпараттық және есептеу технологиялары институтымен бірлесіп іске асырады.

Университет Қазақстан халқы тілдері күніне орай, дәстүрлі «Тілдер апталығын» бастады.

Апталық аясында танымдық конференциялар, тренинг, дәрістер, дөңгелек үстел, көрме, кездесулер жоспарланған.

Белгілі тіл мамандарының қатысуымен жасанды интеллектіні қазақша құру, ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу, жоғары оқу орындарында жиналған қазақша контентті Google деректер қорына жүктеу мәселелері талқыланады.

Университетте этнос тілдері мен мәдениетін сақтап, дамытуға қолайлы жағдай жасалған.

Қазақ тілін барлық ұлт студенттерін біріктірудің басты құралына айналдыру мақсатында тиісті жұмыстар жалғасады.

Ана тіліміздің абыройы артып, мәртебесі биіктей берсін!

 

       Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

       Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ