ҚазАқпарат

3 қараша, 2015

Алматыда ҚазҰУ-дің 10 студенті «Korea Sanhak Foundation» қорының шәкіртақысына ие болды

Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 10 студенті «Korea Sanhak Foundation» қорының бір реттік шәкіртақыларына ие болды. Бұл туралы аталмыш жоғары оқу орнының баспасөз қызметінен хабарлады.

Шәкіртақыны салтанатты жағдайда табыстау рәсімі барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасындағы білім, ғылым және денсаулық сақтау саласын дамытудағы әріптестіктегі еңбектің нәтижелі екенін атап өтті.

Өз кезегінде «Korea Sanhak Foundation» қорының бас хатшысы Ким Му Хан мырза стипендия сертификаттарын табыстай отырып, студенттерді еңбектерінің жоғары бағаланғанымен құттықтап, оларға сәттілік тіледі.

«Бүгінгі таңда екі ел арасында әріптестікті әрі қарай дамыта түсу үшін корейтану саласында білікті маман дайындау өте маңызды. Сондықтан қор басшылығы ҚазҰУ-дың үздік студенттерін ынталандыруға мүдделі», - деді Ким Му Хан мырза.

Осылайша, ҚазҰУ-дың шығыстану, химия және химиялық технология, биология және биотехнология, физико-техникалық және халықаралық қатынастар факультетінен 10 студент шәкіртақы иегері атанды.

Олардың әрқайсысының карточкаларына 1200 АҚШ доллары көлемінде шәкіртақы салынды.

1974 жылы құрылған «Korea Sanhak Foundation» қорының көздеген мақсаты - техникалық білім беру мен ғылыми зерттеулерге, кіші және орта ғылыми өнеркәсіпке және университеттерге қолдау көрсету.

Стипендия сертификаттарын әдетте оқу үлгерімі бойынша GPA көрсеткіштері жоғары кәріс студенттер, тұрмысы төмен отбасынан шыққан, бірақ оқу озаттары болып жүрген студенттер, сондай-ақ, корей тілін үйреніп жүрген және сол елдің мәдениетіне қызығушылық танытып жүрген студенттер алады.

Айта кетелік, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшылығының өтінішімен әр түрлі бизнес субьектілері студенттерге қаржылай көрсетіп келеді. Мысалы, 2014 жылдан күні бүгінге дейін демеушілер тарапынан студенттерге 60 млн. теңге көлемінде шәкіртақы төленген.