06.09.2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасында Корей Республикасының Кенсанбук-до провинциясының І-ші «К-Чанг» ашық кітап бұрышының халықаралық филиалының ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатына Кенсанбук-до провинциясының губернаторы Ли Чоль У бастаған әкімшілік өкілдерімен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Суатай Сәбит Құрманжанулы қатысты.
Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында ғылым және білім беру саласында тұрақты ынтымақтастық қалыптасқан. Университет ғалымдары мен білімгерлері жыл сайын Корея Республикасында тәжірибе жинақтап, біліктіліктерін арттырып жатыр. Корея елінің ғалымдары біздің факультетте жемісті қызмет етуде. Корея университеттерімен академиялық ұтқырлық және түрлі ғылыми жобаларды бірігіп жүзеге асыру бойынша бай тәжірибе қалыптасуда. Өйткені, Оңтүстік Корея – сапалы білім беру деңгейі бойынша әлем елдерінің арасында алдыңғы орынға ие мемлекет.
Қазіргі таңда шығыстану факультеті Хангук шет тілдер университетімен, Донгук университетімен, Сукмён қыздар университетімен, Каннам университетімен, Каннын-Вонджу университетімен, Пусан шет тілдер университетімен тығыз байланыс жақсы орнатқан. Студенттеріміз академиялық ұтқырлық аясында осы университеттерге барып, тағылымдамадан өтуде. Сеул ұлттық университетімен де жоғары деңгейде байланыс орнатылған. Оқытушыларымыз осы университетте ғылыми тағылымдамадан өтіп жатыр. Каннам университетімен және Пусан шет тілдер университетімен қос дипломдық бағдарлама жасалған. Біздің елімізде әлемнің жетекші университеттерінің филиалдарын ашу мәселесі оң шешімін тауып жатыр. Бүгінгі ашылып отырған «К-Чанг» ашық кітап оқу бұрышы – осыған дәлел.
Қазақтың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Білімнің бас құралы – кітап» деп айтқан. Сондықтан Кёнсангбук-до провинциясының губернаторы Ли Чоль У мырза бастаған делегацияның игі бастамасы біздің тарапымыздан да қолдау тапты. Алдағы кезде екі ел арасындағы қарым-қатынасты осындай іс-шаралар жалғастыратындығы сөзсіз. Білім мен ғылымды дамытуға негізделген Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастық одан ары жалғасын табатындығына осындай іс-шаралар куә.
Ашық кітап бұрышының ашылу салтанаты барысында университетіміздің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Суатай Сәбит Құрманжанулы сөз сөйлеп, Корея университеттерінде білім алған студенттеріміз де корей тілінде жылы лебіздерімен бөлісіп, жақсы тілектер тіледі. Аталмыш кітап оқу бұрышы барлық білім алушыларға ашық және бұл жерде бос уақытында студенттер теледидар қарап, әртүрлі тақырыптағы кітаптармен танысып, ой өрістерін дамыта алады.
Қиыр Шығыс кафедрасы, корейтану бөлімінің аға оқытушылары: Амирбекова У.А., Жаханова Ж.А.