ҚазҰУ студенті ШЫҰ-ның Жазғы мектебіне қатысып қайтты

10 қыркүйек, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультетінің 4-курс студенті Махашов Әлихан Ғалымжанұлы 2024 жылдың 15 шілдесі мен 9 тамызы аралығында Қытайдың Шанхай қаласында өткен кезекті Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің студенттеріне арналған Жазғы мектепке (Shanghai Summer School. 上海暑期学校) қатысып қайтты.

Жазғы курс Шанхай үкіметінің Білім комитеті мен Шығыс Қытай педагогикалық университетінің (East China Normal University. 华东师范大学) ұйымдастыруымен осы оқу орнының қабырғасында өткізілді. Оған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерден, атап айтқанда Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Белорус елдерінен 40-қа жуық студент қатысты.

Курс бағдарламасына қытай тілі сабақтары, арнайы шақырылған білікті профессорлардың түрлі тақырыптарда оқыған «Шанхай және Шанхай мәдениеті», «Шанхай ынтымақтастық ұйымы», «Қытайлық үлгідегі модернизация», «Қытайдың білім беру жүйесі» секілді лекциялары, білім жарыстары кірді және қалааралық экскурсиялар, сондай-ақ Қытайдың дәстүрлі мәдениетімен (қытай каллиграфиясы, Тайцзишан мен Багуажан, Шанхай қоғамы өкілдерімен кездесу және т.б.) таныстыру шаралары жүргізілді. Сонымен қатар, Жазғы мектепке қатысушы студенттер 1 күнді Шанхайлық отбасымен бірге өткізіп, қытайлардың күнделікті өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

 Жазғы лагердің ашылу салтанатында қазақтың халық әні «Дударай»  мен «Ұмытылмас күн» әндерінің шырқалуы Қазақстанның ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы жасампаздық рөлін тағы бір айқындағандай әсер етті.

Курс кезінде студенттердің ерекше дайындалып, асыға күтетін шараларының бірі – әр елді таныстыру мақсатында өткізілетін «Мемлекеттер күні». «Қазақстан күнінде» Әлихан бастаған қазақстандық студенттер еліміздің әнұранын орындап, қытай және ағылшын тілдерінде қазақ мәдениетін, салт-дәстүрін, өнері мен ұлттық нышандарын таныстырып, жоғары бағаға ие болды. 

Курс соңында осы уақыт аралығында көрсеткен білімдері бағаланып, студенттерге арнай сертификаттар тапсырылды. Махашов Әлихан Қытайдың Шанхай қаласында өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің студенттеріне арналған Жазғы мектепті «өте жақсы» деген  бағамен аяқтауы біздер үшін зор мақтаныш.

Өткен мен бүгіннің, батыс пен шығыс мәдениетінің тамаша үйлесімін тапқан Шанхай қаласында өткен Жазғы мектеп ШЫҰ-на мүше мемлекеттер арасындағы мәдени байланыстар мен интеграцияларды дамытуда үлкен рөл атқарып отыр. Бұл еліміз үшін әлемдегі және аймақтағы орнын одан әрі нығайтуда зор маңызға ие.

Аға оқытушы Түргенбай Айнұр