«Мемлекеттік тіл-менің тілім»

6 қыркүйек, 2024

    Университетімізде Қазақстан халқы тілдері күніне орай, басталған «Тілдер апталағы» аясында, «Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» мамандығының 1 курс студенттерімен эдвайзерлік сағат өткізілді. Эдвайзерлік сағат Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген құрметі мен білім алушы жастардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру, тіл мәретебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылды.

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі», – деп атап өткен болатын.    Мемлекеттік тіл - сол елдің халқын біріктіретін, ортақ істерге жұмылдыратын іргетас, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден-бір құрал. Бір тілде сөйлемеген халық біріге де алмайды, өздерін бір шаңырақтың мүшесімін деп те сезіне алмайды. «Ана тілін білмейтін адам мәдениетті адам санатына қосылмайды», - деп М.Әуезов айтқан екен. Тіл - аса қадірлеп ұстайтын байлығымыз. Оны білмеу - өзімізге сын.

    Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Ана тіліміздің мәртебесін үстем етіп, еліміздің мерейін көтерейік. Әлем таныған ел болу үшін ана тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. Бұл біздің басты парызымыз.