2024 жылғы 6 қыркүйек сағат 17.00 де 201 мәжіліс залында Қазақстандағы тілдер мерекесіне орай Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Экономика және бизнес жоғары мектебі «Экономика» кафедрасының ұйымдастыруымен «Тіл тарихтың тұғыры» тақырыбында дөнгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты - азаматтарымыздың бойында мемлекеттік және ана тіліне деген құрмет сезімін қалыптастыру, қазақстандық рухани бірлікті нығайту, ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету, отансүйгіштік сезімді тәрбиелеу, жастардың ұлттық мәдениет пен өнерге деген ықыласын арттыру болып табылды.
Бастапқы алғы сөзді «Экономика» кафедрасының меңгерушісі э.ғ.к. доцент Даулиева Ғалия Рахметовна ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының тіл туралы өсиеттері мен бүгінгі мемлекеттік тілдің орнын, маңыздылығын айтып, мерекелік іс-шараны ашып берді.
Дөңгелек үстелге Алматы қаласы әкім аппараты Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Қалымбет Бақыт Әбиірұлы мен бас инспектор Нұрғазы Ардақ Әділғазықызы арнайы шақырылды. Іс-шараға қатысқан ОПҚ мен студенттерге қонағымыз Бақыт мырза Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев атап өткендей, мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық бағыттарының бірі барлық азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі екенін және тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасында да біртұтас тіл саясатын жүргізуге бағытталған нормативтік-құқықтық базаның негізі қаланғанын жан жақты, терең таратып айтып берді. Сөзінің соңын «Оқуға биыл түскен қыз-жігіттерімізге сәттілік серік болсын, Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тіліміз тұғырлы, мемлекетіміз қарыштап дами берсін!»-деп түйіндеді.
Іс-шараны факультет аға кураторы Ілияс Оғарұлы қорытындылап, қонағымызға сый жасап, алғыс айтты. Студенттеріміз мерекелік ән-шашуын тарту етті.