ҚазҰУ-да тазалық апталығы басталды

11 қыркүйек, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тазалық апталығы басталды.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылып жатқан сенбілікке 16 факультеттің студенттері мен оқытушылар және ЖОО қызметкерлері белсенді қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына жолдауында: «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Бұл уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет», – деп атап өткен болатын.

Тазалық акциясына қатысушылар оқу ғимараттары мен жатақханалардың айналасын ретке келтірді.

Апталықтың мақсаты – білім алушы жастарды қоршаған ортаны таза ұстауға үндеп, экологиялық мәдениет қалыптастыру және ҚазҰУ қалашығының санитарлық жағдайын жақсарту.

Сенбілік барысында университет аумағы жапырақтардан, қоқыстан тазартылды. Жиналған қоқыс пен кесілген ағаштарды тасымалдауға арнайы  техникалар жұмылдырылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі