Мичиган университетімен ғылыми байланыс
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Мичиган университетінің өкілдерімен кездесу өтті. Басқосуда бірлескен ғылыми зерттеулерге, студенттер мен оқытушылар алмасуға, сондай-ақ бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыруға қатысты негізгі мәселелер талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Мичиган университеті сияқты беделді университеттермен орнатылған әріптестік қазақстандық білім берудің әлемдік кеңістігіне интеграциялануына ықпал ететінін атап өтті.
ҚазҰУ ректоры қонақтарды білім ордасының қызметімен, материалдық базасы және халықаралық ынтымақтастық бағыттарымен таныстырды.
Бүгінде университет АҚШ-тың 18 ЖОО және ұйымдарымен серіктестік қарым-қатынаста. 2023/24 оқу жылы тығыз ынтымақтастықтың арқасында АҚШ-тан төрт оқытушы мен 53 студент оқу, ғылыми тағылымдама және ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау мақсатында ҚазҰУ-ға жіберілді. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша өткен жылы ҚазҰУ-дың 29 студенті мен 12 оқытушысы АҚШ университеттерінде білім алып, ғылыми тағылымдамадан өтіп, зерттеу жұмыстарына қатысты.
ҚазҰУ басшысы оқу орнының Халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңестермен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Бүгінге дейін 120-дан астам америкалық студент «Флагман» бағдарламасы бойынша филология факультетінің тілдік бағдарламасына және халықаралық қатынастар факультеті жанындағы RLASP бағдарламасына 300 студент қабылданды. Қазіргі уақытта АҚШ-тан 43 студент ҚазҰУ-да тілдік курстарда оқиды. Шетелдік оқытушыларды тарту аясында университетке АҚШ-тан төрт профессор шақырылды.
Өз кезегінде Азаматтық және экологиялық инженерия кафедрасының профессоры Владимир Тарабара бастаған Мичиган университетінің MSU делегациясы (1855) бірлескен жобаларды, әсіресе STEM және гуманитарлық ғылымдарды дамытуға қызығушылық білдірді. Олар тәжірибе мен білім алмасу екі тарапға да пайдалы болатынын және өзекті мәселелерді тарқату мақсатында инновациялық шешімдерді дамытуға ықпал ететінін атап өтті.
Келіссөздер барысында тараптар студенттерге арналған тағылымдамадан өту бағдарламаларын, бірлескен конференциялар мен семинарлар ұйымдастыруды, сондай-ақ ғылыми жобаларға гранттар алу мүмкіндіктерін талқылады. Кездесу нәтижесінде тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі