ЖАС ҒАЛЫМДАРҒА ЕРЕКШЕ ЕКПІН БЕРДІ
Мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуі жолындағы қоғамның тыныс-тіршілігіне етене араласатын жас буын ретінде қоғам алдында тұрған өзекті сын-қатерлерге байланысты өз азаматтық ұстанымымды білдіріп, Мемлекет басшысының жолдауында қарастырылған мәселелер жайлы өз ойыммен бөліскім келеді.
Біз, заңгерлер үшін, Мемлекет басшысының бұл жолдауының атауының өзі маңызды сипатқа ие болып отыр. Себебі еліміздегі саяси ахуалдың негізгі бағыттары мен жүзеге асырылуы тиіс басты реформаларды айқындайтын стратегиялық маңызды құжаттың бірден-бір сипаты заң мен тәртіп идеологиясын тереңдету екені айқындалды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел дамуы үшін жасалатын қадамдарды қадап тұрып айтуы ерекше әсер қалдырды. Бір сөзбен айтқанда, бұл жолдау өзіндік нақтылығымен, ұғынықтылығымен ерекшеленеді. Осыған дейін қабылданған маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен саяси құжаттардың жалғасы болып табылатын бұл жолдау заң саласының қызметкерлері мен біздей жас ғалымдарға ерекше екпін береді.
Бұл сан саланы қамтыған, сараланған салмақты стратегиялық жоспар болашағымыздың іргесін нықтауға міндеттейді. Осы жолдау халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді және нақты бағыт-бағдарымызды айқындағаны мәлім.
Президент жолдауында барлық сала бойынша қамтылған мәселелерді түбегейлі әрі дұрыс шешілуін жүзеге асыру үшін заң үстемдігін орнатуға белсенді үлес қосу – әр азаматтың парызы. Әділетті Қазақстан – заң мен тәртіп үстемдік құратын ел. Барлық салада заң үстемдігі қағидатын сақтау – еліміздің серпінді дамуының берік кепілі.
Назерке ЖҰМАДІЛОВА,
заң факультетінің 1-курс докторанты