ҚазҰУ мен СБПУ бірлесіп микроспутник ұшырады

16 қыркүйек, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қытайдағы Солтүстік-батыс политехникалық университеті Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры, профессор Конг Джимен кездесу өткізді.

Тараптар 2025 жылдың соңында бірлескен микроспутникті іске қосу бойынша өзара пікір алмасып, жұмыс барысын пысықтады.

Екі тарап арасындағы ынтымақтастық мақсаты – микроспутниктерді әзірлеу мен оны іске қосу жұмысын бірлесіп жүзеге асыру, ғарыштағы бір негізгі жұлдызды зерттеп, жұлдыздар шоғырын қалыптастыру.

ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев аталған жобаның ғарыш технологиялары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда және екі жақтың ғылыми әлеуетін арттыруда маңыздылығын атап өтті.

Ғарышқа ұшырылатын микроспутник үш негізгі тапсырманы орындауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Жердің ауырлық күшін және орбитадағы гравитациялық өрістің инверсиясын өлшеу, қашықтағы LoRaWAN негізінде IoST техникалық тексеруін жүргізу, COTS құрылғыларын пайдаланып борттық интеллектуалды деректерді өңдеу жүйесін тексеру.

Өз кезегінде құрметті мейман микроспутникті іске қосуда екі ЖОО-ның ғылыми инфрақұрылымы толық жететінін айтып, жобаны сәтті жүзеге асыруға сенім білдірді.

Сөз соңында Конг Джи ҚазҰУ ректорына алғаш болып ғарышқа ұшырылатын  6U наноспутнигінің макетін сыйға тартты.

Келіссөз нәтижесінде тараптар жобаның техникалық қызметін егжей-тегжейлі пысықтау үшін жұмыс тобын құруға уағдаласты. Сондай-ақ микроспутникті ұшыру жоспары мен кестесін түпкілікті бекіту үшін алдағы уақытта дөңгелек үстел отырысын ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.

Микроспутникті ғарышқа ұшыру екі ел арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға ықпал ете отырып, Қазақстан мен Қытайда ғарыштық зерттеулер мен технологияларды дамытуда маңызды қадам болмақ.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі