ҚазҰУ-да «Сіз атом энергиясы туралы не білесіз?» тақырыбында викторина өтті

17 қыркүйек, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Теориялық және ядролық физика кафедрасының ұйымдастыруымен «Сіз атом энергиясы туралы не білесіз?» атты викторина өтті.

 

Атом энергиясының жұмыс істеу жүйесі мен оның қолданылуы, әлемге қалай әсер ететіні және оның болашақтағы маңыздылығы жайлы білімдерін тексеруге бағытталған викторинаға 100-ден астам студент жастар қатысты.

Атом электр станциясы (АЭС) – атом ядросының энергиясын электр энергиясына айналдыратын ірі қондырғы. Әлемдегі ең алғашқы атом электр станциясы – Обнинск АЭС-і 1954 жылы іске қосылған. Ол Ресейдің Калуга облысы Обнинск қаласында орналасқан. Станция 48 жылға жуық уақыт бойы жұмыс істеді. Осылайша атом энергетика саласы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін белсенді түрде дами бастады.

АЭС-тің негізгі артықшылығы – экологиялық таза энергия өндіруінде. Демек, атом электр станциялары климаттың өзгеруінің негізгі себебі болып табылатын көмірқышқыл газы (СО2) сияқты парниктік газдарды атмосфераға шығармайды. Олар іс жүзінде ауа мен судың ластануына ықпал етпейді, бұл қоршаған ортаға әсерді азайтады.

Осы және басқа да көптеген атом энергиясына қатысты мағлұматтарға қанық болған жастар викторинаны QUIZIZZ платформасында ойнады. Үш кезеңнен құралған викторинаның әр кезеңінде қатысушылар атом электр станцияларының жұмыс принциптері, ядролық реакциялар, қауіпсіздік шаралары және радиоактивті қалдықтарды басқару турасында да білімдерін сынады. Нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, оларға сый-сияпаттар табысталды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі