Экономика

5 қараша, 2015

ҚазҰУ-ге Фидель Кастроның ұлы келді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге ресми сапармен Куба Республикасының Министрлер Кеңесінің жане Мемлекеттік Кеңес төрағасының ғылыми істер жөніндегі кеңесшісі Фидель Кастро Диас-Баларт келді.

Фидель Кастро Диас-Баларттың басқаруымен ҚазҰУ-ға Куба Республикасының бір топ делегациясы келді. Делегацияның құрамында Диас Баларттың жұбайы Мария Виктория Барреиро Давалос пен көмекшісі Дуглас Пардо Месиа бар.

Қонақтар алдымен ҚазҰУ мұражайын аралап, университеттің тарихымен, жеткен жетістіктерімен танысты. Содан соң университет басшылығымен кездесті. Кездесу барысында ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов Куба делегациясына университеттің ғылыми қызметі мен мақсаттары туралы баяндады. Өэ сөзінде: «Куба Республикасында медицинаның, ядролық физика мен білім беру жүйесінің жоғары деңгейін ескере отырып, біз сіздермен әріптестік орнатуға толықтай дайынбыз», - деді ректор.

Фидель Кастро Диас-Баларт ректорға алғыс айтып. бүгінде ғылымның жарықтың жылдамдығымен дамып келе жатқаны жайлы, сонымен қатар Кубадағы медицинаның даму деңгейі туралы сөз қозғады. «Біздің елде медициналық қызмет ақысы өте төмен, бірақ сапасы АҚШ пен Канада медицинасынан артық болмаса, кем емес. Біз, сіздің университетпен осы саладағы тәжірибемізбен қуана-қуана бөлісеміз», - деді кубалық дипломат.

Кездесу соңында Ғалымқайыр Мұтанов Фидель Кастро Диас-Балартқа «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге 80 жыл» атты алтын төсбелгіні табыстады.

Кездесуден кейін кубалық делегация әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ұлттық нанотехнологиялық және зерттеудің физика-химиялық әдістері мен анализ орталығын аралады. Сапар барысында Фидель Кастро Диас-Баларт жас ғалымдармен тілдесіп, қазақстандық зерттеушілердің жаңа жұмыстарымен танысты.

Қазақстан мен Куба Республикасы арасындағы білім және ғылым саласындағы әріптестіктің 20 жылдық тарихы бар. Ол 1995 жылы Кубаның астанасы Гаванада ғылым мен мәдениет саласындағы әріптестікке қол қойылған кезден бастау алады.

Рүстем АБЫРАЕВ, ҚазҰУ-дің баспасөз қызметі