Тувалық маман көшбасшылық дәріс оқыды

25 қыркүйек, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде философия ғылымының докторы, «Туваның жаңа зерттеулері» журналының бас редакторы Чимиза Ламажааның көшбасшылық дәрісі өтті.

Іс-шараға жоғары оқу орнының ғалымдары, оқытушылар мен жас ізденушілер, студенттер қатысты.

Дәріс барысында спикер қатысушыларға «Туваның жаңа зерттеулері» ғылыми журналының тұжырымдамасын және жұмыс жоспарын жан-жақты таныстырды. Сондай-ақ басылымның Туваның ғылыми қауымдастығын дамытудағы және халықаралық зерттеулерді ілгерілетудегі маңызды рөлі туралы айтты.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға келіп, біздің журналға шыққан мақалалардың авторларымен кездесу мен үшін үлкен мәртебе. Мен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Біздің бүгінгі кездесуіміздің басты міндеті – «Туваның жаңа зерттеулері»  журналын таныстыру және оның ерекшеліктері туралы айту. Ғылыми рецензияланған журнал 2009 жылдан бастап электронды мерзімді басылым ретінде шығарылды. Басылымның миссиясы – туватану мәселелері бойынша кешенді, пәнаралық зерттеулердің нәтижелерін жариялау. Журнал материалдары орыс және ағылшын тілдерінде жарияланады. Жылына төрт рет шығады», – деді журналдың құрылтайшысы және бас редакторы.

Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын белсенді түрде қойып, толық жауап алды.

Сонымен қатар спикер мен дәріске қатысушылар қазіргі ғылыми жарияланымның келешегін талқылады. Бұл өз кезегінде гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы білім мен тәжірибе алмасуға ықпал етті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі