«Парасат» кәсіподағы жолдауды талқылады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағы жаңа оқу жылындағы алғашқы кеңейтілген отырысын өткізді.
Отырыста кәсіподақ мүшелері Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына жолдауын талқылады. Жиынға қатысушылар жолдаудың университет пен кәсіподақ жұмысымен байланысты тұстарына ерекше назар аударды.
Атап айтқанда: жасанды интеллектіні, цифрлық технологияларды, университеттік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік қолдауды арттыру, бұқаралық спортты жандандыру арқылы ұлт денсаулығын жақсарту, жастардың құқықтық сауатын арттырып, патриоттық тәрбие беру мәселелері талқыланды.
«Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев кәсіподақ жұмысы жолдауда көрсетілген бағыттарды ескере отырып іске асырылатынын атап өтті.
Басқосуда кәсіподақ комитетінің заңгері Д.Рысқалиев кәсіподаққа мүшелікке қабылдау тәртібіне тоқталып, Отбасы банк өкілі жаңа тұрғын үй бағдарламасын таныстырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі