Жас Қазақ

9 қараша, 2015

Жаңа белес

БҰҰ-ның Нью-Йорктегі Штаб пәтерінде білім мен ғылымның тұрақты дамуына байланысты өткен әлеуметтік отырыс Қазақстаннан берілген тікелей бейнекөрсетілімнен басталды.

Халықаралық жиында телекөпір арқылы алғаш болып сөз алған Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалым Мұтанов бүгінгі таңда икемділік пен технологияның даму маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар «Әлемнің жандануы: 2030 жылға дейінгі тұрақты дамудың күн тәртібі» құжатына баса назар аударды.

БҰҰ-ның сондай-ақ ЮНЕСКО-ның тұрақты дамуы бойынша аймақтық хабы саналатын ҚазҰУ-дың тәжірибесін әлемдегі Стэнфорд, Кембридж, Оксфорд секілді 30-дан аса көшбасшы жоғары оқу орнының басшылары зерттеп жатыр. Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаевтың айтуынша, START аббревиатурасы ағылшын тілінен аударғанда «Ғылым, қабілет пен технологиялар әлемді тез өзгертеді» деген мағына береді. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның бастамасымен құрылған академиялық ықпалдылық бағдарламасы өзекті мәселелерді шешу үшін университеттердің зияткерлік мүмкіндіктерін пайдалануды көздейді».

Осыған орай, әлемнің үздік жоғары оқу орындары елімізге ерекше назар аударды. Себебі БҰҰ-ның сарапшылары мен ғалымдары біздің елде инновациялық дамудың жоғары технологиялық мүмкіндігін ашуға болатынына сенім білдіріп отыр. Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әріптестіктің халықаралық деңгейіне көтеріліп, сол арқылы барлық отандық білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда.

Мұхамбетқали Бүркітбаевтың сөзіне сенсек, Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жуырда ашылған зертханада жасанды және табиғи радионуклидтерге сараптама жасауға болады екен.

Сонымен қатар биыл Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ағылшын тілінде білім беретін «Тұрақты даму» магистрлік бағдарламасы ашылды. Оның негізгі серіктесі – Колумбияның Нью-Йорк университеті.