Жапондар тілін құрметтегендерге қолдау көрсетуде
Жапондар өздерінің тілдерін үйреніп, мәдениетін тануға қызығушылық білдірген жастарға барынша қолдау көрсетіп жатыр. Жапон тілін үйреніп, оның әдет-ғұрпы мен мәдениетіне қызығушылық танытқан әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің шығыстану факультетінің 8 студентіне жалпы сомасы 82 мың долларды құрайтын білім грантын тағайындап отыр.
Студенттер осынау орасан қаржының арқасында өздерінің біліктіліктерін арттырып, шет тілін үйренумен қатар, әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттердің білім беру технологиясын игеруде. Жақында ғана Оңтүстік Кореяның Korea Sanhak Foundatіon қоры ҚазҰУ-дің шығыстану, химия және химиялық технология, биология және биотехника, физика-технология және халықаралық қатынастар факультетінің студенттеріне 300 мың теңге көлеміндегі 10 стипендия тағайындады.
Айта кетерлігі, соңғы 4 жыл ішінде ҚазҰУ үздік студенттерге қолдау көрсету мақсатында демеушілермен жұмысты жандандырып отыр. Студенттерді қолдауға бағытталған үздік жобалар үшін отандық, шетелдік компаниялар жұмылдырылуда. Тек 2014-2015 жылдың өзінде демеушілердің есебінен 608 студент жалпы сомасы 55 млн. теңгені құрайтын стипендия иегерлері атанған.