ҚазҰУ-да «Білім кілті» табысталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студенттерін қатарға қабылдау шарасы өтті.
Еліміз бойынша рекордтық көрсеткіш орнатып, әлемдік рейтингте 163-орын алатын ҚазҰУ биыл 7 мыңнан астам жасқа өз есігін ашты. Оның ішінде бакалавриатқа – 5974, магистратураға – 771, докторантураға – 483 студент түсті. Сондай-ақ әлемннің 39 мемлекетінен келген 2 мыңға жуық шетелдік студент білім ордасына қабылданды.
Дәстүрлі түрде өтетін кешке мемлекет және қоғам қайраткерлері, биыл Парижде өткен жазғы олимпиада және паралимпиада ойындарында бақ сынасқан спортшылар: Ғұсман Қырғызбаев, Жұмағали Нұрдәулет, Арина Алтухова, Азамат Дәулетбеков, Константин Малиновский және Ерғали Әлішер қатысты. Сондай-ақ БАҚ өкілдері, қазақ эстрадасының жұлдыздары, блогерлер, кәсіпкерлер, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен жастар жиналды.
Салтанатты жиынды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ашып, бірінші курс білімгерлерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Өз сөзінде ректор Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына жолдауын негізге ала отырып, ҚазҰУ студенттері заң мен тәртіпті қатаң сақтауы қажет екенін баса айтты. Сондай-ақ жоғары білім мен ғылымды игеріп, білікті маман болуларына тілектестік білдірді.
«Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет» деп айрықша атап өтті. Ғұлама әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген даналығы – біздің басты ұстанымымыз. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қағидасын үнемі естен шығармауымыз керек. Өйткені ел болашағы – тәрбиелі, білімге ұмтылған жастардың қолында. Президент айтқандай, «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек», – деді ЖОО басшысы.
Сондай-ақ ректор биыл еліміздің көшбасшы жоғары оқу орнының құрылғанына 90 жыл толып отырғанын жеткізді. Бүгінгі бірінші курс білімгерлерін студенттер қатарына қабылдау кеші осы айтулы датамен тұспа-тұс келіп тұрғанын айтты. Сөз соңында Жансейіт Түймебаев студенттердің игілігі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңі басталғанына тоқталды.
«Университеттің 90 жылдығына орай, оқу корпустары мен жатақхана құрылысы басталды. «Farabi HUB», суперкомпьютер, робототехника орталығы ашылуға дайын. Биыл 1986 жылы салынған 3000 орындық стадион күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Жаңа стадион Орталық Азиядағы Топ-1 талабына сәйкес, халықаралық стандарттармен қайта жасалды. Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы да күрделі жөндеуден өтуде. Осы игіліктердің барлығы жастардың сапалы білім алып, білікті маман болып қалыптасуына бағытталған», – Жансейіт Қансейітұлы.
Кейін университет басшысы 1-курс студенттеріне «Білім кілтін» табыстады.
Іс-шараға арнайы қатысқан Париж олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев сөз сөйлеп, оқу ордасының 90 жылдығымен құттықтады.
«Көшбасшы жоғары оқу орнының 90 жылдығы құтты болсын! Олимпиадада қол жеткізген қола медалімді университеттің 90 жылдығына арнаймын. Білім ордасына жаңадан түсіп жатқан барша бірінші курс білімгерлерін құттықтаймын!» – деді Ғұсман Қырғызбаев.
Салтанатты кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Шара соңында қатысушылар арнайы дайындалған отшашуды тамашалады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі