Үздік оқытушы-ғалымдар марапатталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қазақстан Республикасының жоғары білім қызметкерлері күніне орай, оқу ордасының оқытушы-ғалымдарымен кездесу өткізді.
Жиында оқу ордасының басшысы ҚазҰУ ұжымын құттықтап, университетте атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.
«Биыл алғаш рет атап өтіліп жатқан атаулы күн баршамыз үшін ортақ мереке. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да 3000-ға жуық оқытушы-профессор табысты еңбек етіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылым мен жоғары білімді дамыту ісіне айрықша көңіл бөлуде. Сондықтан біз бәсекеге қабілетті болу үшін білікті мамандарды даярлап қана қоймай, университеттік ғылымды дамытуға баса мән беруіміз қажет», – деді ректор.
Сөз соңында Жансейіт Түймебаев ғалымдарға шетелдік ғылыми-зерттеу институттарымен және орталықтармен, зертханалармен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесіп ғылыми жобаларды жүзеге асыру керектігін баса айтты.
Жүздесуде ректор Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімімен ғылымда үздік нәтиже көрсеткен бірқатар оқытушы-ғалымдарға арнайы төсбелгілер мен Құрмет грамотасын табыстады.
Атап айтқанда «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісі доцент Бибігүл Қылышбаеваға, «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі аға оқытушы Еділ Нояновқа берілді. Ал «Ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі доцент Нұрзипа Алпысбаеваға, Археология, этнология және мұражайтану кафедрасының меңгерушісі Ринат Жұматаевқа, профессор м.а. Зарина Инеловаға, профессор м.а. Шолпан Маликоваға, профессор м.а. Зейнәбіл Айдарбековқа табысталды.
Сонымен қатар доцент Әнуар Тарақ «Тіл жанашыры» дипломымен марапатталса, профессор м.а. Ержан Келесұлына «Ғылым үздігі» дипломы берілді. Ләззат Сәрсенова, Жазира Қожабергенова мен Маржан Айтбаева «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ісінің үздігі» атанды.
Мереке қарсаңында аға оқытушы Ақмарал Иманбаева мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ колледжінің директоры Мәдина Аппақова ҚР ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал аға оқытушы Гүлшат Әмірханова және Бибігүл Айдароваға министрдің алғыс хаты табыс етілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі