Қала мен дала

9 қараша, 2015

Пан Ги Мун ҚазҰУ-ге сенеді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ БҰҰ-ның халықаралық хабына айналып, әлемнің үздік жоғары технологиялық 50 университет қатарына қосылды. Сондықтан да болар БҰҰ-ның Нью-Йорктағы Штаб пәтерінде білім мен ғылымның тұрақты дамуына байланысты өткен әлеуметтік отырыстың салтанатты ашылу рәсімін өткізудің мұмкіндігі ҚазҰУ-ге бұйырды.

«START» академиялық ықпалдылық бағдарламасының іске қосылуына орай БҰҰ-ның Штаб пәтерінде өткен Халықаралық форум Қазақстаннан берілген тікелей видеотрансляциядан басталды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалым Мұтанов тұрақты даму бойынша ұйымдастырылған жобада бірінші болып сөз сөйледі. Бүгінгі таңда икемділік пен технологияның даму маңыздылығын атап, БҰҰ-ның тұрақты даму бағдарламасына, оның ішінде, БҰҰ-ның Бас ассамблеясы қабылдаған «Әлемнің жандануы: 2030 жылға дейінгі тұрақты дамудың күн тәртібі» құжатына баса назар аударды. БҰҰ-ның халықаралық хабы, ЮНЕСКО-ның тұрақты даму бойынша аймақтық хабы саналатын ҚазҰУ-дың тәжірибесін Стэнфорд, Кэмбридж, Оксфорд университеттері, Сингапурдың ұлттық институты секілді 30-дан аса әлемнің көшбасшы жоғары оқу орындарының басшылары зерттеп жатыр.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев атап өткеніндей: «START» аббревиатурасы ағылшын тілінен аударғанда: Ғылым, қабілет пен технологиялар әлемді тез өзгертеді деген мағына береді. Пан Ги Мунның бастамасымен құрылған академиялық ықпалдылық бағдарламасы БҰҰ қарастыратын өзекті мәселелерді шешу үшін университеттердің зияткерлік мүмкіндіктерін пайдалануды көздейді. Ұйымның бас хатшысы ҚазҰУ-ды хаб болып тағайындалғанымен құттықтап, университет өзін халықаралық дәрежеде көрсететініне сенім білдірді».

Осыған орай, әлемнің үздік жоғары оқу орындары Қазақстанға ерекше назар аударып отыр. Себебі, БҰҰ сарапшылары мен ғылыми әлем дәл біздің елде инновациялық дамудың жоғары технологиялық мүмкіндіктерін ашуда. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әріптестіктің халықаралық деңгейіне көтеріліп, сол арқылы барлық қазақстандық білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда.

«Біз университеттің ғылыми-ағартушылық қызметінің бір дәлелі ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ашылған, жоғары білім беру жүйесіндегі алғашқы радиациялық экология лабораториясын мысалға келтірдік. Бүгінде лаборатория барлық жасанды және табиғи радионуклеидтерге сараптама жасауға қауқарлы», – деп атап өтті Мұхамбетқали Бүркітбаев.

Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ағылшын тілінде білім беретін «Тұрақты даму» магистрлік бағдарламасы ашылды. Бағдарламаның негізгі серіктесі Колумбиялық Нью-Йорк университеті. Алдағы уақытта жаңа технологиялармен және ғылыми зерттеу жұмыстарымен Еуразиялық орталық ашу жоспарда бар.