Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінің қатысуымен «Мансап күні» атты шара өтті.
Жиынның мақсаты – жастарға ұлттық қауіпсіздік саласының негізгі жұмыс бағытын түсіндіру мен болашақта аталған салада қызмет етемін деуші жастарға бос жұмыс орындарын ұсыну.
Жиынға ҰҚК өкілдерімен қатар, «Радиотехника, электроника және телекоммуникация», «Өнеркәсіптік электроника және басқару жүйелері» білім беру бағдарламаларының магистранттары мен студенттері қатысты. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары қазіргі таңдағы ақпараттық қауіпсіздік, ақпарат қорғау және криптология саласында мағлұмат беріп, аталған саладағы кандидаттарға қойылатын талаптарды таныстырды. Сондай-ақ олар ақпараттық қауіпсіздік саласындағы табысты жұмыс пен мансаптық өсуді жоспарлайтын жастарға қажетті негізгі дағдылар мен қабілеттер жайлы жан-жақты айтып берді.
Жиын аясында студент жастар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдеріне өздерін қызықтырған сауалдар қойып, аталған саладағы мансаптық келешек пен оны дамыту жолдары жайлы мол мағлұмат алды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі