Түркістан

10 қараша, 2015

«Алтын жүрек» - тоғыз жаста

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінде студенттердің терең білім алып, жеке тұлға болып қалыптасуына әсер ететін, көптеген оқу-тәрбие шараларын өткізуге «ҚазҰУ студенті оқуы тиіс 100 кітап», «Саламатты дене мәдениеті», «Айналаңды нұрландыр!», «Жасыл уни­верситет қалашығы» жобалары аясында жұмыс жүргізу дәстүрге айналған.

«Айналаңды нұрландыр!» жобасын басшылыққа ала отырып шетел филоло­гиясы және аударма ісі кафедрасының окытушылары Лайла Мұсалы, Құралай Кенжеканова және Магүлсім Жаңабекованың ұйымдастыруымен «Ше­тел филологиясы» және «Аударма ісі» мамандығының 1 курс студенттері «IX Қоғамдық ұлттық «Алтын жүрек» сыйлығының» мерекелік кешіне қатысты.
Қайырымды істерге ынталандыратын «Алтын жүрек» сыйлығы қоғамдағы мейірімділік пен қамқорлықтың үлгісі болатын, жақсылыққа жаны құштар, жомарт адамдарға айтылатын алғыс іспеттес. Ұлттық қоғамдық сыйлық бүгінге дейін «алтын» жүрегімен жақсылықтың нұрын шашып, оны өзгемен бөліскен лайықты тұлғаларды халық алдына шығарып, марапаттап келеді. Бүгінде еліміз бойынша мыңға жуық қайырымдылық шараларының себепкері болған сыйлықтың тоғыз жылдық тарихы бар! Осы игілікті істің басы-қасыңда жүрген өз университетіміздің түлегі, жаны жайсаң, көңілі дархан Жұлдыз Қажкенқызы еліміздегі небір қайырымды шаралардың куәсі болып келеді. Әрине бұл жоба сол Жұлдыз Қажкенқызы мен ұйымдастырушылар комитетінің күндіз-түні тынымсыз еңбегінің арқасында жыл сайын жаңа табыстарға жетіп, биік белестерден көpiнуде. Осы жылдар ішінде «Алтын жүрек» сыйлығы қаншама балаларға, мүгедектерге, қарттарға көмек көрсетіп, қол ұшын созған жандардың атқарған қайырымдылық істеріне құрмет көрсетті. «Алтын жүрек» сыйлығының тоғызыншы мерекелік кешіне қатысқан «Шетел филологиясы» мамандығының бірінші курс студенттері Надира Ұзақбергенова, Баян Ақбаева, Сымбат Ғадылбек және Зарина Құрманалиева елімізде осындай қайырымдылық шарасының жеңімпаздарды анықтап, салтанатты түрде марапаттайтын кешіне қатысқандарына ризашылығын білдірді. Әсіресе, «Жетім балаларға, мүгедек жандарға және қарттарға көрсеткен қамқорлығы үшін» «Рахмет» сыйлығына ие болған тұлғаларды жиналған студенттерге дәріптеді.

Көпшілікті қайырымды істерге ынталандыру арқылы талайдың бата-тілегін алып, үлкен ықыласына бөленіп жүрген сол бір игі ниетті, абзал жандарға айтар алғысымыз шексіз. Жақсылықтың нышаны жалғасын тауып, қоғамда мейірімді жандар көбейе берсін дегіміз келеді. Осындай игі істер қашанда таза жүректі, рухани бай, көкірегі ояу жастарды тәрбиелеуге жетелейді.


Данель ҚАРАҒОЙШИЕВА, Шетел филологиясы және аударма iсі

кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы