Құрметті мұғалімдер, ардақты ұстаздар!
Сіздерді 5 қазан – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген ұстанымы қашанда маңызды.
Жаңа буын ұрпаққа ұлағатты тәлім-тәрбие мен озық білім беру ісінде педагог мамандарға зор жауапкершілік жүктеледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке заң қабылдап, орта білім беру саласында еңбек етіп жүрген мұғалімдердің қызметі мен әлеуметтік жағдайына айрықша мән берген болатын.
Президент 2022 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын бекітіп, орта білім беру мекемелері заман талабына сай жаңғыра бастады.
Бұл игіліктің барлығы жаңа, әділетті Қазақстан құруға үлес қосатын бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған.
Ұлтымыздың зияткерлік қуаты саналатын мұғалімдер қауымы қандай құрметке де лайық.
Биыл кәсіби мерекелер тізімі жаңарып, 1 қазанда Қазақстан Республикасының жоғары білім қызметкерлері күні атап өтілді.
Қатар келген қос мереке оқытушылар мен мұғалімдердің мәртебесін айшықтап, бағасын биіктете түседі.
Бүгінгі таңда ҚазҰУ базасында орта білім берумен айналысатын колледж бен бейіндік мектеп бар.
Колледжде 700-ге жуық студент, мектепте 200-ге жуық оқушы білім алады.
Ел болашағына бағытталған өнегелі істеріңіз әрдайым жоғары бағаланып, шәкірттеріңіздің алдында мерейлеріңіз үстем болсын.
Бүгінгі мерекеде сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Құрметпен,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ