Түрік академиясының делегация құрамы ҚазҰУ-ға келді

5 қазан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Түрік академиясының делегация құрамы арнайы сапармен келді. Сапар аясында қонақтар университеттің инфрақұрылымы және білім беру мүмкіндіктерімен танысты. Делегация құрамы ҚазҰУ-дың инновациялық хаб, Фараби кітапханасы және басқа да кампустың негізгі нысандарын аралады.

ҚазҰУ хабы стартаптар, ғылыми зерттеулер мен технологиялық инновациялардың негізгі орталығы саналады.  Мұнда қонақтар университеттің студенттер арасында кәсіпкерлік бастамасын қалай қолдайтыны және жаңа технологиялар мен идеяларды енгізуге ықпал ететіні жайлы ақпарат алды. Хаб университеттің инновациялық экожүйесінің маңызды бөлігі бола отырып, студенттер мен зерттеушілерге нақты жобалармен жұмыс істеуге және стартаптарын дамытуға мүмкіндік береді.

Одан кейін делегация мүшелері университет кітапханасында болып, онда қонақтарға электронды және баспа материалдары мен кітаптар, әртүрлі ресурстар мен бірегей коллекциялар ұсынылды. Фараби кітапханасы – Орталық Азиядағы ең ірі кітапханалардың бірі, оның қорында 2 миллионнан астам кітап бар.

Сапар барысында академиялық ынтымақтастық, тәжірибе алмасу және ҚазҰУ мен Түрік академиясы арасындағы бірлескен жобалардың келешегі талқыланды. Іссапар халықаралық ынтымақтастықты нығайту, ғылыми өзара іс-қимыл көкжиегін кеңейту және екі елдің ғылыми-білім беру мекемелері арасында білім алмасу үшін платформалар құру жолындағы маңызды қадам болмақ. Сапар соңында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Ж.Түймебаев Түрік академиясының делегация құрамымен арнайы кездесті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі