ҚазҰУ-да Жапония мен Орталық Азияны зерттейтін ғылыми-білім беру орталығы ашылды

12 қараша, 2015

2015 жылдың 11 қарашасында ҚазҰУ-дың Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасында «Campus in campus» жобасы аясында Жапония мен Орталық Азияны зерттейтін ғылыми-білім беру орталығының (Цукуба Университетінің Алматыдағы кеңсесі) ресми түрде ашылу салтанаты өтті.

Орталықтың ресми түрде ашылу салтанаты «Қазақстандағы Жапонтану ғылымы: бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми семинарға ұласты. Бұл салтанатқа Жапониядан арнайы келген Цукуба университетінің проректоры Кэролайн Бентон, Цукуба университеті Орталық Азияны зерттеу Орталығының директоры Оно Масаки мен Цукуба университеті халықаралық қатынастар бөлімінің басшысы Мацудзаки Хироеши қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің бірінші проректоры М.М.Бүркітбаев, Шығыстану факультетінің деканы Б.Н.Жұбатова құттықтау сөздерінде Орталықтың болашағына үлкен үміт артып, нақты жетістіктер күтетінін білдірді. Ресми құттықтаулардан кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің бірінші проректоры М.М.Бүркітбаев пен Цукуба университетінің проректоры Кэролайн Бентон Орталықты лента қию рәсімі арқылы ашып, кеңсенің эмблемасын орнатты.

Проректор Кэролайн Бентонның Алматыға іс-сапары екі-ақ сағатқа созылды. Мұның өзі Цукуба университетінің «Campus in campus» жобасына ерекше көңіл бөліп отырғандығының куәсі. Проректор Кэролайн Бентон ҚазҰУ делегациясын жыл сайын қыркүйек айында өткізілетін Tsukuba Global Science Week 2015 іс-шарасына қатысуға шақырып, келесі кездесуді Жапонияда 2016 жылдың қыркүйек айында болса деген тілек білдірді.

Келіссөздер барысында жақын арада Цукуба Университетінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталығын ашу үшін дайындық жоспарын жасау туралы, сондай-ақ қос дипломды магистратураның бағдарламасы бойынша келісімге келу жоспарын дайындау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар, Цукуба Университетінің Франция және Германия университеттерімен де мұндай бағдарламалар бойынша тәжірибесі бар.

Ресми ашылу салтанаты аяқталғаннан кейін «Қазақстандағы Жапонтану ғылымы: бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми семинар өз жұмысын бастады. Семинар барысында жапон тілі мен әдебиетіндегі мәселелер, Қазақстан мен Жапониядағы тарихи, саяси және экономикалық мәселелер талқыланды.

Осы күннің кешінде профессор Оно Масаки мырза Цукуба университетінде білім алған және тағылымдамадан өткен барлық қазақстандық студенттермен, оқытушылармен кездесу ұйымдастырды. Цукуба университеті ҚазҰУ-нің студенттеріне «Campus in campus» жобасы аясында қолдау көрсетуге дайын, бұл оның «Әлемге ашық Университет» саясатының құрамдас бөлігі болып табылады.

Өткізілген шаралардың барлығы Қазақстан мен Жапонияның білім беру саласындағы ынтымақтастығын дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.