Қиыр Шығыс кафедрасында тұрақты даму мақсаттары жайында семинар өтті

7 қазан, 2024

2024 жылдың 4 қазан айында Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушы Исмаилова С.Ж. 1 курс студенттеріне арнап әлеуметтік-ағарту іс-шаралары аясында Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ) таныстыру мақсатында «Оңтүстік Кореядағы кедейшілікті жою» тақырыбы бойынша семинар өткізді.

Тұрақты даму мақсаттары БҰҰ-ның 2015 жылы қабылдаған 2030 жылға дейінгі іс-әрекет жоспары болып табылады. Әлемді өзгертуге арналған 17 мақсат әл-ауқатты жақсартуға және жерімізді қорғауға бағытталған. Тұрақты даму мақсаттары адам құқықтарының өзекті мәселелерін қамтып, қоғамды нығайтуға қатысты жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған.

Бұл тізімдегі бірінші мақсат – кедейшілікті жою. Дүниежүзінде кедейлікте өмір сүретін адамдардың саны 1990 жылы 36% болса, 2015 жылы 10%-ға дейін қысқарды. Бірақ өзгерістер қарқыны баяулауда. COVID-19 дағдарысы кедейшілікпен күрудегі ондаған жылдар бойы жеткен жетістіктерді жою қаупін тудырды.

Кедейшілікті жою Оңтүстік Корея қоғамы үшін өзекті мәселе болып табылады. Тұрақты экономикалық өсім мен жоғары өмір сүру деңгейіне қарамастан, кедейшілікпен күресу мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті. Оңтүстік Кореядағы кедейлік негізінен егде жастағы адамдарға әсер етеді: олардың жартысына жуығы салыстырмалы кедейлікте өмір сүреді. Бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегі ең жоғары көрсеткіш.

Семинар барысында Оңтүстік Кореядағы кедейшілік мәселесін шешудің нұсқалары талқыланды. Студенттер белсенді түрде сұрақтар қойып, Корея Республикасындағы әлеуметтік мәселелерді шешуде өз нұсқаларын ұсынды. Кедейшіліктің жанама себептері ретінде студенттер ұлттың қартаюы мен Оңтүстік Корея қоғамындағы жұмыссыздық деңгейін атап өтті. Семинар тақырыбын талқылау барысында шағын және орта бизнеске салық мөлшерін төмендету, зейнет жасын ұлғайту және Оңтүстік Корея халқының әлеуметтік осал топтарына мемлекеттен қаражат бөлу туралы ұсыныстар айтылды.

Семинар тақырыбы студенттер тарапынан үлкен қызығушылық пен қызу пікірталас тудырғындықтан, оқытушы Исмаилова С.Ж. осы тақырыпты курстық және ғылыми жұмыстардың бөлігі ретінде зерттеуді ұсынды, сондай-ақ осы тақырып бойынша келесі кафедралардағы дәрістер мен семинарларда ТДМ зерттеуді жалғастыруды ұсынды.

Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы

Исмаилова С.Ж.