Сиань Цзяотун университеті баспаханасымен байланыс орнайды

7 қазан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Сиань Цзяотун университетінің делегация құрамымен кездесу өтті.

Жүздесуде ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов қонақтарды университет жетістіктерімен таныстырып, қытайлық жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыстардың жүйелі жолға қойылғанын атап өтті.

«Бүгінде ҚазҰУ қытайлық білім ордаларымен қол қойылған келісімдер шеңберінде академиялық, ғылыми зерттеу жұмыстарын белсенді іске асыруда. 2022/23 оқу жылында ҚазҰУ-дың 64 оқытушы-профессорлары ҚХР жоғары оқу орындарында іссапарда болып, алты докторант, екі магистрант және бакалавриат деңгейіндегі алты студентіміз білім алып қайтты. 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін университетте дәріс оқуға ҚХР-дан екі профессор тартылды. Бүгінгі күнде ҚазҰУ-да Қытайдың 969 студенті білім алуда, оның 308-і стипендиялық бағдарлама шеңберінде, 661-і шарттық негізде білім алады», – деді проректор.

Өз кезегінде сөз алған Сиань Цзяотун университеті баспасының бас редакторы Чэнь Ли университет баспасының негізгі қызметімен таныстырып, басылып шығатын өнімдер туралы ақпарат берді.

«Бүгінде біздің баспахана Қытай Халық Республикасы бойынша ең маңызды оқулықтар шығаратын баспахана базасы болып табылады. Баспахана жоғары білім мен ғылыми зерттеу саласын қамтитын мемлекеттік дәрежедегі бірінші баспаханалардың бірі және еліміздегі ең үздік 100 баспахананың қатарына енеді. 158 қызметкері бар баспа үйі 17 департаменттен тұрады. Бүгінде 34 мыңға жуық кітап басып шығарылды, оның 1300-ден астамы журналдар,  500-ден астам әртүрлі электрондық нұсқадағы басылымдар», – деді Чэнь Ли.

Жүздесу аясында тараптар бірлесе ғылыми оқулықтар даярлау мен болашақта баспахана саласында әріптестік орнату бағыттарын жан-жақты талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі