Қайталанбас ғажап сәт
Студенттік шақ - жоғары оқу орнында оқыған немесе оқып жатқан әрбір адамның өміріндегі ең жарқын кезең болып саналады. Студенттік өмір өмірдің ең керемет, ең шуақты сәті емес пе?! Біреулер жанталас күндер көрінісі деп бағаласа, енді біреулер қайталанбас ғажап сәтке балайды. Меніңше, студенттік өмір - қызығы мен шыжығы, базары мен ажары, қуанышы мен қиындығы қатар жүретін өмірдің аса бағалы сәттері.
Міне, мен де студент атандым. Нақтырақ айтсам, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика және математика факультетінің ақпараттық жүйе кафедрасында «Математика және компьютерлік модельдеу» мамандығына оқуға қабылдандым. Бұл оқу орнын таңдауымның себебі, бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ерекше мәртебесі бар Қазақстандағы жетекші университеттердің бірі және еліміздің жоғары оқу орындары арасындағы бірінші Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының иегері атанған оқу орны.
ҚазҰУ-дегі студенттік күндеріміздің алғашқы кезеңі әсерлі басталды. Бәсекеге қабілетті маман болып шығу үшін оның білім деңгейі ғана емес, сонымен қатар оның белсенділік, сыпайылық, мейірімділік, оптимисттік, патриоттық рух секілді рухани қасиеттері болуы қажет. Мұндай қасиеттер студент сапалы білім алу процесі мен түрлі үйірме, конференция, конкурстарға қатысуы арқасында қалыптасады. Осы ретте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті білім алушы тұлғаның жан-жақты дамуына, өзін-өзі кемелдендіруіне қажетті жағдай жасау үшін бар күш-жігерін салып, студенттік өзін-өзі басқаруға, көшбасшылық қасиеттерді тәрбиелеуге мол мүмкіндіктер тудыратын бірден- бір оқу орны. Сондықтан, біздің студенттерге университетте барлық жағдай жасалған. Университет жатақханаларында еліміздің, университеттің, факультеттердің маңызды күндері мен мерекелеріне арналған жиындар жиі өткізіліп тұрады. Университеттің студенттік өміріне қатысып, студенттер шығармашылық мүмкіншіліктерін жүзеге асыратын өмірлік тәжірибесін жинайды. Болашағын бағамдап, күш-қайратын білімге, өнерге жұмсамақ болып келген, талабы таудай қыз-жігіттер үшін ҚазҰУ болашақта биік асуларды бағындыруға жол көрсететін Қазақстандағы жетекші университеттердің бірі. Менің де келешекте алар асуым Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірге жүзеге аспақ.
Жібек ОРЫНҒАЗИНА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің механика-математика факультетінің I курс студенті.