ҚазҰУ қызметкерлері Тіркеуші кеңселерінің VIII кездесуіне қатысты

8 қазан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Академиялық мәселелер жөніндегі департамент қызметкерлері Астана қаласында Назарбаев университетінде өткен «2024 жылғы Тіркеуші кеңселерінің VIII кездесуі» шарасына қатысты.

Ауқымды шара жоғары білім беру саласындағы академиялық департаменттер, соның ішінде тіркеуші кеңселер мен академиялық эдвайзинг бөлімі және IT оқу процестерін қолдау бөлімдерінің білікті мамандарын біріктіруге арналды. Іс-шараға Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген делегация құрамы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 84 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (ЖЖОББҰ) өкілдері қатысты.

Бұл білім берудегі академиялық эдвайзинг, цифрландыру және жасанды интеллектінің негізгі аспектілері бойынша өзекті мәселелерді талқылау мен тәжірибе алмасуға арналған бірегей коммуникациялық алаңға айналды.

Сондай-ақ жоғары оқу орындарының Қаржы орталығымен өзара іс-қимылы, оқу аяқталғаннан кейін мемлекеттік гранттарды пысықтау, статистикалық есептерге және Platonus, Univer, SAP, Banner сынды түрлі ақпараттық жүйелермен жұмыс істеуге қойылатын талаптарға баса назар аударылды.

Жиында спикер ретінде «Қаржы орталығы» АҚ, «ЖББП» АЖ (Жоғары білімнің бірыңғай платформасы) және басқа да ұйымдардың қызметкерлері баяндама жасады.

Аталған шараға ҚазҰУ-дың Академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің қызметкерлері қатысты. Атап айтсақ, білім беру үдерісін ұйымдастыру кеңсесінің басшысы Ж.Қожабергенова, студент кеңсесінің басшысы М.Айтбаева, тіркеуші кеңсесінің басшысы Л.Сәрсенбаева бар. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі