Алматы ақшамы

13 қараша, 2015

Мен де жас түлек атанып, мектеп қабырғасымен қоштасып, үлкен өмірге жол тартқан едім. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті атандым. Органикалық заттардың химиялық технологиясы мамандығын таңдап, химия әлемімен таныстым.

Атом, молекулалардан бастап жоғары молекулалық қосылыстарға дейін оқып білдік. Төрт жыл ішінде терең тарихы бар университетте көптеген жаңалықтармен таныстым, «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, мектеп кезімнен ғылыми жетекшім атанған химия ғылымдарының кандидаты, доцент Перизат Үркімбаева университет табалдырығын аттаған сәттен өз қамқорлығына алды. Ал университеттегі эдвайазер-кураторым, химия ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Райхан Рахметуллаеваға шексіз алғысымды білдіргім келеді.

Сонымен бірге кафедра меңгерушісі, химия ғылымдарының кандидаты, профессор Григорий Мун тек талантты ұстаз ғана емес, мықты ұйымдастырушы. Ол кісінің жұмысты өте жақсы ұйымдастыруының арқасында кафедрада мықты тәртіп орнатылған, ал тәртіп - қашанда жақсы нәтиженің кепілі. Ғылыми жұмыстар үшін өте қажетті, аса қымбат тұратын шетелдік приборлардың кафедраға әкелінуіне де үлкен еңбек сіңірді.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Еліміздің ертеңі - бүгінгі жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында», - деп атап көрсеткеңдей, ұрпақ тағдыры үшін жауап беру ұстаз атаулыға үлкен салмақ тастап отыр. Біздің оқытушылар сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуде. Біздің ұстаздар жауапкершілігі мол, өз ісіне, мамандығына сүйіспеншілікпен, зор ынтамен қарайтын жандар. Біздің университетіміз заман талабына сай, жоғары сатыдағы университеттердің бірі деп, мен үлкен сеніммен айта аламын. Мен төрт жыл бойы алған білімімді одан әрі жетілдіру мақсатында магистратураға түстім. Әрине, ұстаздардың арқасында.

Жансая НҰРБАБАЕВА, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінің, органикалық заттар, табиғи қосылыстар мен полимерлер химиясы және технологиясы кафедрасының 2-курс магистранты.