Айқын

13 қараша, 2015

Айдын Айымбетов университетке келді

Айдын Айымбетов университетке келді ҚазҰУ-да қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетовтың Халықаралық Ғарыш бекетіне (ХҒБ) жасаған сапарына байланысты университет ұжымы және студенттерімен кездесу өтті.

Айдын Айымбетов студенттермен жүздесіп, ҚазҰУ-дың нано-лаборатория, ғылыми-техникалық парктың жұмысымен танысып, әл-Фараби кітапханасымен танысты.

Ғарышкер әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары дайындаған «Кулонов плазмалық кристалы» атты ғылыми тәжірибесіне қатысқандығын атап өту керек. Ол кейіннен ғарышкердің ұшу бағдарламасына енген болатын.

ҚазҰУ-дың жас ғалымдары отандық ғарышкерлер сапары алдында әзірленетін ғарыш тәжірибесі бағдарламасына тартылды. Айталық, олар көміртегі наноқұрылымдар негізінде антифрикциялық материалдар жасау жобасын дайындауда. «Плазмалық кристалл – 4» бағдарламасы, сондай-ақ нанокөміртегі материалдары мен сезімтал графенді құралдар бойынша зерттеулер жүргізуде.

«Қазғарыштың» тұңғыш ғарышкері А.Айымбетовке университет ректоры Ғ.Мұтанов университеттің құрылымдық жүйесімен және ғарыш саласындағы құрылымдық бағдарламаларымен таныстырды.

Кездесу барысында сөз алған А.Айымбетов ҚазҰУ- лықтармен жүздескеніне қуанышты екенін білдірді. Сондай-ақ университет студенттері ғарышкерге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.