Айқын

13 қараша, 2015

ҚазҰУ-да "Жат" фильмінің көрсетілімі өтті

Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Отандық кино күні» жобасы аясында әлемдік «Оскар» жүлдесінен үміткер «ЖАТ» фильмінің көрсетілімі өтті.

Әл-Фараби Қазақ ұлттық университеті Отандық киноны дамыту аясында ұйымдастырған дәстүрлі іс-шараға режиссер Ермек Тұрсыновты екінші рет шақырып отыр.

Осыдан екі жыл бұрын режиссердің «Шал» атты картинасы студенттер назарына ұсынылған болатын. Осы жолы студенттермен болған кездесуде кино сыншы Олег Борецкий фильмнің режиссері Ермек Тұрсыновты және басты рөлдерді сомдаған актерлар Ержан Нұрымбет, Қуандық Қыстықбаев пен Элина Абайқызын таныстырды. Режиссердің айтуынша ол «Жат» кинокартинасының сценарийін осыдан 25 жыл бұрын жазған екен.

«Бастапқыда «Мытарь» деп аталған сценарий менің дипломдық жұмысым болатын. Оқудан шығып кетпеу үшін жазылған дүние ғой. Сол кезде қаржының жоқтығынан картина түсірілмеді. Кейін қолыма ақшаны ұстатып «не түсіргің келсе, соны түсір»,- деп айтқан демеушілер табылды. Міне, сол демеушілерді күтіп жүріп 25 жыл өтіп кетіпті (күліп). Кейін «Жат» деп атауы өзгертілді. Ал фильмінің негізгі мақсаты жақсылық пен жамандықтың, адалдық пен арамдықтың аражігін ашып көрсету»,- дейді режиссер. Бұл Ермек Тұрсыновтың Халықаралық кино фестиваліне ұсынып отырған үшінші туындысы.

Өткен ғасырда өмір сүрген қазақ ауылының кейпін көрсете алған фильмнің көрерменге берері мол. Достыққа, махаббатқа адалдық, Отан алдындағы жауапкершілік, адам мен табиғат арасындағы тепе-теңдік. Бір айта кетерлігі, режиссердің туындыларында терең мұңлы ой, өмір философиясы бар. Сол арқылы көрерменге ой тастап, рухани дүниенің оянуына ықпалының бары сезіледі. Режиссер қарапайым бір адамның тағдыры арқылы, өткен өмірдің ақ-қарасын, ыстығы мен суығын көрсетуге тырысты. Көрермендердің қошаметтеріне қарап, режиссердің бұл туындысы да көңілден шықты деп айтуға болады.