«Кампустағы қолжетімді тағам» әлеуметтік жобасы жүзеге асуда
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында «Тұрақты даму мақсаттарының» №2 бағытын қамтитын «Кампустағы қолжетімді тағам» әлеуметтік жобасы жүзеге асуда.
Жобаның мақсаты – шетелдік студенттер арасында дұрыс тамақтану мәдениетін насихаттау, ысырапшылдыққа жол бермеу. Осы орайда, жоба аясында Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының шетелдік студенттері ысырапшылдыққа жол бермеу және салауатты өмір салтын ұстану мақсатында дұрыс тамақтану бойынша түрлі видеолар түсіріп, әлеуметтік желілерде бөлісуде. Кафедраның білім алушы шетелдік жастары адам денсаулығына зиянды қоспалары бар, жартылай дайын өнімдер мен майлы тағамдарды тұтынудан бас тартуға үндеді.
ҚазҰУ қалашығында орналасқан асханалар мен кофеханалардағы ас мәзірінде студенттер үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылған және дәмді тағамдар, әртүрлі сорттағы хош иісті кофе, сусындар сатып алуға болады.
Кампустағы қолжетімді кофеханалар мен асханалар студенттер арасында ғана емес, университет қызметкерлері арасында да кеңінен танымал. Түскі ас қарбалас уақытта толық тамақтанғысы келетіндер кезекке тұрады. Қызмет көрсету жылдам және сапалы, сондықтан асхана ешқашан бос болмайды. Студенттер арасынан тұрақты келушілер бұл жерден нәрлі, дәмді және арзан тамақтануға болатынын айтады.