Түркі әлемі жастары ҚазҰУ-ға жиналады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының өкілдерін қабылдады.
Делегация құрамында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы бас хатшысының орынбасары Саит Юсуф, бөлім басшысы Санжар Мүләзімоғлы, бас хатшының Қазақстандағы кеңесшілері Ләзиза Нұрпейіс пен Майра Қарсақбаева бар.
Тараптар ҚазҰУ-да өтетін Түркі әлемі жастары форумының жұмыс жоспарын талқылап, өзара пікір алмасты.
Айта кетсек, қараша айының 20-23 күндері ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы, Алматы қаласының әкімдігі мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірлесіп Түркі әлемі жастарының форумын өткізу жоспарланып отыр.
Жүздесуде халықаралық ұйым өкілдері ҚазҰУ басшысына атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
Кездесу соңында тараптар ұйымдастыру жұмыстарын жоспарлы түрде жүзеге асыруға уағдаласты.
Бұған дейін оқу ордасының ректоры Жансейіт Түймебаев ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесіп, ауқымды шараны ұйымдастыруда ҚазҰУ тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізген болатын.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі