Архив ісі саласын дамыту мәселесі талқыланды
Тұрақты даму мақсаттары шеңберінде №17. Тұрақты даму үшін серіктестік
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ІІ халықаралық «Мұра институттары қоғамды орнықты дамыту жолында» архившілер конгресі аясында «Архившілердің кәсіби білімі мен дамуы» тақырыбындағы диспут-сессиясы өтті.
Ауқымды шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Иордания Ұлттық кітапханасының бас директоры Нидал Ибрахим, Ұлыбритания Ұлттық архиві Білім және ағарту басқармасының басшысы Эндрю Пэйн, Литва Республикасындағы Каунас облыстық мемлекеттік архивінің директоры Гинтарас Дручкус, үздік сарапшылар, ЮНЕСКО өкілдері, Еуропа одағының мамандары мен ТМД елдерінің жетекші ғалымдары қатысты.
Биыл Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің құрылғанына – 30 жыл. Жиында қатысушылар архив ісін бірлесіп дамыту жөнінде пікір алмасып, тәжірибелерімен және идеяларымен бөлісті. Негізгі мақсат – тарихи-мәдени, құжаттық мұраны сақтаудың өзекті мәселелері бойынша кәсіби қоғамдастықпен сындарлы диалог құру. Бұл мұрағаттарды дамытудың инновациялық идеяларын қалыптастыруға және үздік архивтік тәжірибені таратуға ықпал етеді.
Іс-шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, оқу ордасында архив ісі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ өз сөзінде ректор білім ордасында жыл сайын аталған салаға қажетті мамандар даярланып жатқанын айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тарихына айрықша мән беріп, «Тарихымызға шынайы көзбен қарап, оны сол қалпында қабылдауымыз керек. Сан ғасырлық тарихымызды зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру – біздің негізгі міндетіміз», – деп атап өткен болатын. Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дүниежүзі тарихы тарихнама және деректану кафедрасы мен ҚР Президенті архиві тығыз қарым-қатынаста бірлесіп жұмыс атқарып келеді. ҚазҰУ – 90 жылдық тарихында архившілердің бірнеше буынын даярлаған бірегей оқу орны. Тарихи, мәдени мұраны сақтау, зерттеу, дамыту және ұлт игілігіне пайдалану – біздің ортақ мақсатымыз. Осы орайда, бүгінгі қатысып жатқан барлық ғалым-сарапшыларды болашақта архивтану саласы бойынша ҚазҰУ-да дәріс өткізуге шақырамын. Бұл бастама алдағы уақытта Қазақстанға және өзге де мемлекеттерге қатысты мұрағаттарды бірлесіп пайдалануға және зерттеуге мол мүмкіндік береді», – деді ректор.
Өз кезегінде Иордания Ұлттық кітапханасының бас директоры Нидал Ибрахим: «Мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде екінші мәрте сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Университет ректоры Жансейіт Түймебаев айтқандай, біз бір-бірімізге әрдайым көмектесуіміз қажет. Осы тұрғыда оқытушылар мен студенттерді алмасу жұмысын жандандыру маңызды. Мен алдағы уақытта архив ісі бойынша Қазақстанның кітапханаларымен және ЖОО-ларымен келісімге қол қойып, серіктестік орнатамыз деген ойдамын», – деді.
Сонымен қатар халықаралық жиында Польша, Ресей, Өзбекстан, Литва және т.б. мемлекеттен келген ғалым-сарапшылар сөз сөйлеп, архив ісі саласын дамыту бағытында түрлі ой-пікірлерін ортаға салды.
Пленарлық отырыс түрлі тақырыптарға арналған секцияларда жалғасты.
Айта кетейік, ІІ халықаралық архившілер конгресін ҚазҰУ Қазақстан Республикасы Президентінің Архивімен, Халықаралық архивтер кеңесімен (ICA), ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы өңірлік кеңсесімен, ҚР Сыртқы істер министрлігімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп өткізді.
Жауаптылар Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры Р.С.Мырзабекова, Н.К.Алпысбаева, Г.С.Жугенбаева, Б.Е.Нурпеисова, Г.Е.Сабденова