Smart city – ақылды қала!

18 қараша, 2015

Халықаралық студенттер күні қарсаңында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттер қалашығына келді. Сапар барысында Бауыржан Байбек «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы мен бірегей әл-Фараби кітапханасын аралады. Сонымен қатар әкім Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында ЖОО ректорларымен, оқытушы-профессорлық құраммен және қаланың студент жастарымен кездесті.

Күн тәртібінде Алматы қаласының 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы талқыланды. Әкім жастарға қаланың жақын болашақтағы даму жоспарының негізгі бағыттары мен міндеттерін атады.

Бауыржан Байбек өз сөзінде қаланың дамуындағы көптеген мәселелерді көтеріп, инфрақұрылымды, денсаулық сақтау мен қала тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартуға мысалдар келтірді. Сонымен қатар ол мегаполистің дамуында жастардың рөлін ерекше атап өтті.

«Қаланың даму бағдарламасының жоспары көбіне жастарға бағытталған. Біріншіден, ол Алматы студенттері. Экономиканың инновациялық секторын дамыту, жоғары біліммен қамтамасыз ету және ЖОО түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың бірден бір жолы. Жастар біздің болашағымыз деп елбасы үнемі айтып жүреді. «Алматы - 2020» бағдарламасының жемісін көретін де дәл, мына, сіздер. Бүгінгі жас ертеңгі басшы», - деді Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар әкім әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да табысты жүзеге асып жатқан «Al-Farabi university smart city» ғылыми-инновациялық жобасын да атап өтті.

«Біз бұл жобаны пайдалануымыз мүмкін. Бұл жоба жаңа технологиялардың арқасында қала тұрғындарының пікірін ескере отырып, кері байланыс орнатуға мүмкіндік беретін ақылды қала жоспары. Бұл маңызды жоба және біз оны жүзеге асырамыз», - деді ол.

Іс-шарада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов та сөз алды. Ол әкім бастамаларының дер кезінде көтерілгендігін атап өтті.

«Біз, қала әкімдігіне жаңа технологиялармен ақылды қала жобасын жүзеге асыруға көмектесуге дайынбыз. Бізде ол жағынан тәжірибе мол. Бүгінде біздің жоғары оқу орнымыз қала ішіндегі қала, Алматы қаласының көрікті жерлерінің бірі. ҚазҰУ қалашығы қаланың ең жасыл аймақтарының бірі ретінде танымал. Мұнда 18 гектар жерге 18 мыңнан аса ағаш отырғызылған. Университет студент мүмкіндіктерін ескере отырып, студентке оқуда, тұрмыста, спортта, медицинада, демалыста және студенттік өмірдің басқа да салаларына қажет инфрақұрылыммен жабдықталған», - деді ректор.

«Біз, Бауыржан Байбектің ұсынған жобаларын жүзеге асыру үшін университеттің аймағын беруге және жобаға белсенді атсалысуға дайынбыз. Себебі біз қаланың ажырамас бір бөлігіміз және біз де нәтижелілікке бағытталғанбыз», - деді Ғ.Мұтанов

Ректор Ғалым Мұтанов шараға қатысып отырған барлық университеттердің ұжымы мен студенттері «Алматы- 2020» бағдарламасының жүзеге асуын толықтай қолдайды деп сенім білдірді.

Іс-шара барысында студенттік ұйымдардың көшбасшылары Алматы қаласын дамытуға арналған, соның ішінде туризм мен спорттың дамуына бағытталған жобаларын ұсынды.

Соңғы уақытта Алматы әкімдігі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ белсенді түрде бірлесіп жұмыс жасап жатқандығын атап өту керек. Осыдан екі апта бұрын индустриалды-инновациялық даму, сауда-саттық пен орта және шағын бизнес, туризм мен табиғатты пайдалану мәселелерін қадағалайтын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов ҚазҰУ-дың ғалымдарымен және оқытушы профессорлық құрамымен кездескен болатын. Ол да өз кезегінде қала әкімдігі мен университет ұжымы болашақта қаланы дамыту үшін бірлесіп жұмыс жасайды деп сенім білдірді.