ҚазҰУ-да ғалымдар ісік ауруларын емдеудің заманауи әдістерін талқылады

19 қараша, 2015

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасында VI Медициналық форум өтті.

Форум терапия саласының ғалымдары мен дәрігерлерінің басын қосты. Іс-шара клиникалық медицинаның түрлі салаларындағы дәрігерлердің білім деңгейін көтеру үшін ғана емес, сонымен қатар ауруды жан-жақты емдеп, ауыздықтау тәсілдерін тарату үшін ұйымдастырылған.

Сонгюнгван Университеті мен Кангбук Самсунг емханасының профессоры Woo Kyu Jeon мырза өзінің дайындаған презентациясында онкологиялық ауруларды емдеуде иммунотерапияны пайдаланудың маңыздылығын атап көрсетті. «Ісікті емдеудегі жасушалық иммунотерапия бұл жасушалы емдеудің бір түрі, мұнда ауруды емдеу үшін адам ағзасының тірі жасушалары пайдаланылады. Емдеудің бұл түрі бағаналық жасушаны пайдалану арқылы емдеу сияқты заманауи медицинада алар орны ерекше».

Ісікті ағзаның тірі жасушалары арқылы емдеу емделушінің өміршеңдігін арттырып, ісіктің қайта пайда болуын болдырмайтындығы туралы нақты дәлелдер келтірілді.

VI форум жұмысы аясында медицина және денсаулық сақтау саласындағы әріптестікті нығайту мәселелері көтерілді.

Медициналық форум Корея Республикасының университеттері мен ҚазҰУ арасындағы әріптестікті ары қарай дамыту үшін жаңа жобаларды іздестіру алаңқайы ретінде маңызды.

«ҚазҰУ-да «Медико-профилактикалық іс» мамандығы бойынша бөлімше ашылды. Болашақта Медицина факультетін ашу жоспарда бар. Тәжірибелі Корей әріптестеріміздің кеңестері мен қолдау көрсетуі біз үшін өте маңызды. Бүгінде университет көлемінде өсімдік негізіндегі шикізаттан және медициналық әсері бар жаңа полимерлі байланыстардан биологиялық белсенді қоспаларды дайындау жолға қойылған», - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев.

Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы VI Медициналық форум «Жібек жолы» қорының қолдауымен өтті.

ҚазҰУ, Баспасөз қызметі:

8 (727) 377 31 48 / 49