ҚазҰУ-да «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына арналған семинар өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына арналған «Қоғамдағы экологиялық сауаттылық және экологиялық мәдениет» тақырыбында семинар өтті.
Ауқымды шараны география және табиғатты пайдалану факультеті, Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты және USAID су және қоршаған орта жөніндегі аймақтық жобасы ұйымдастырды.
Іс-шараға жас ғалымдар, экологтар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Еркін форматта өткен кездесудің негізгі мақсаты – жастардың қоршаған ортаға деген көзқарасын, санасын, қарым-қатынасын қалыптастыру, табиғатты аялауға үндеу, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 17 бағыты бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу.
Семинар отырысын география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева, су ресурстары және қоршаған орта жөніндегі USAID өңірлік жобасының өкілі Мархабо Едәлиева алғы сөзбен бастады.
«Орталық Азиядағы су ресурстарын қорғау саласындағы зерттеулер» тақырыбында А.Рысмағамбетова, Ж.Исаева, Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының директоры баяндама жасап, пікір білдірді.
Дөңгелек үстел отырысы барысында қатысушылар үшін СЭАТЭ Нексус саласындағы ҒЗЖ пәнаралық жобасын құру және өзектендіру бойынша брейнсторминг, сондай-ақ Нексус модельдеу бойынша тәжірибелік жұмыс ұйымдастырылды.
Шара соңында қатысушылар қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бірқатар ұсыныстарын ортаға салып, эколог ғалымдарға сұрақтарын қойды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі