Айқын

19 қараша, 2015

Дағдарысқа ортақ әрекет қарсы тұра алады

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының ұжымы Еуразиялық интеграцияны зерттеумен айналысатын танымал ресейлік ғалым, экономика ғылымдарының докторы, РАЕН академий Валерий Абрамовпен кездесу өткізді. В.Л.Абрамов - Ресей Федерациясының Үкіметі жанындағы Қаржы университетінің Халықаралық экономикалық қатынастарды зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, әрі Ресей Федерациясы президентінің жанындағы РАНХиГС Мемлекеттік қызметтің халықаралық институты «Экономиканы мемлекеттік реттеу» кафедрасының профессоры. Ол елуден астам монографиялар мен оқулықтардың, жүзден астам ғылыми мақалалардың авторы, көптеген халықаралық ғылыми-зерттеу гранттарының орындаушы-сарапшысы. Қазіргі кезде кафедра ұжымы академик В. Л .Абрамовпен бірлесіп «Жаңа аймақтық бірлестік ретіндегі Еу­разиялық экономикалық одақтың даму келешегі» атты тақырыптағы біріккен зерттеу жұмысын гранттық негізде орындауда. Кездесу барысында Еуразиялық экономикалық одақтың ауқымында жүзеге асып жатқан жобалар, интеграцияны тереңдетуге кедергі жасаушы факторлар, одақтық біртектілік пен жеке-дара ұлттық мүдде үшін күресу қайшылықтары, ортақ валюта мәселесі, ұлт үстілік институттардың дамуы сияқты көптеген өзекті тақырыптар бойынша қызу пікірталас өрбіді. Іс-шараға кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамымен қатар, «Саяси орда» саясаттанушы-студенттер кәсіби үйірмесінің мүшелері, магистранттар мен докторанттар да белсенді қатысты. Әлемдік дағдарыс жағдайында біріккен іс-қимыл мен тығыз интеграциялық байланыстар арқылы ғана экономикалық қиындықтарға төтеп беруге болатындығы баса айтылды, өзара тиімді алыс-беріске негізделген экономи­калық бірлестікті саяси одақпен ешбір шатастырмау қажеттігі сараланды. Іс-шара соңында академик В.Абрамов өзімен бірге ала келген ғылыми әдебиеттерін кітапхана қорына сыйға тартты.

Сейілбек МҰСАТАЕВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдар докторы