КІТАПХАНАШЫЛАР КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

24 қазан, 2024

Құрметті кітапхана қызметкерлері !

Сіздерді 24 қазан – ­­Кітапханашылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Ғылым мен білімді дамытуда, өркениетті қоғам қалыптастыруда кітаптың алатын орны ерекше.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз.

Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады.

Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды», – деп атап өткен болатын.

Бүгінде елімізде кітап оқу мәдениетін жандандыру мақсатында рухани бастамалар қолға алынып, кітапханалар саны артуда.

Университеттік білімді дамытуда жоғары оқу орындарындағы ғылыми кітапханалар жаңа цифрлық технологияларға бейімделіп, заманауи ақыл-ойдың интеллектуалды алаңына айналуда.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Фараби кітапханасы – ­­Орталық Азиядағы білім ошақтары арасындағы ең үлкен кітап қорына ие ірі ғылыми орталық.

Университет құрылғалы бері ­90 жыл үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан бұл ерекше кітапханада 2,5 миллионнан астам басылым қоры жинақталған.

ҚазҰУ кітапханашылары оқытушы-профессорларымызға, жас ғалымдарымыз бен студенттерімізге жүйелі қызмет көрсете отырып, ғылымның дамуына елеулі ықпал жасап келеді.

Ұлы Абай «Артық білім – кітапта» деп тұжырымдаса, халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Әрбір адамның ең жақсы досы, өмірлік досы – кітап болуы тиіс» деп пайымдаған.

Бүгінгі атаулы күн – кітапханашылармен қатар,  баспагерлердің, ғалымдар мен қаламгерлердің, миллиондаған оқырманның төл мерекесі.

Сапалы ұлт, саналы ұрпақ қалыптастыруда кітапханашылар қауымының қосар үлесі зор.

Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!

Құрметпен,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ