Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, қызметкерлері және білім алушы жастары!
Сіздерді Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұлттық мереке қатарына қайта қосылған бұл айтулы күннің барша қазақстандықтар үшін алар орны биік.
Бұл күні қабылданған тарихи құжат – «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы» декларация ел тәуелсіздігінің тұғырын қалыптастырды.
Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайдан кейін жаңа сипатта атап өтіле бастаған Республика күні елдің тарихи жадын жаңғыртуда ерекше маңызға ие. Президент бұл айтулы күнді «Халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке», – деп атап өтті.
Бүгінде жаңа, әділетті қоғам қалыптастыруда білім және ғылым саласының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктелуде. Мемлекеттілігімізді дамытып, тәуелсіздігімізді нығайтуға қалтқысыз қызмет ету – баршамыздың азаматтық парызымыз.
Егемен еліміздің мәртебесі биіктеп, рухы асқақтай берсін!
Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Құрметпен,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ