PR мамандығын дамытуға байланысты келелі кездесу
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы PR-білім берудің өзекті мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Шараны журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Мұнан кейін жиынды кафедра меңгерушісі Назгүл Шыңғысова жүргізіп отырды. Конференцияның мақсаты – «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша талапкерлер үшін қабылдау емтиханының мазмұны мен формасын өзгертуге байланысты және мамандық бойынша білім берудің өзге де өзекті мәселелерін талқылау. Мамандыққа түсу үшін тандау пәні география болғандықтан, бұл пәнді таңдаған талапкерлердің басым бөлігі мақсатты түрде географиялық, геологиялық бағыттағы, «туризм» және т.б. мамандықтарға бағдарланады.
ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Н.Т. Шыңғысова: «PR-маманының кәсіби құзіреті – коммуникативтілік, креативтілік, шығармашылық көзқарас, жазу қабілеті, іскерлік қарым-қатынас, сөйлеу мәдениеті, шешендік өнер, көпшілікпен тез тіл табысу, идеяларды тәжірибе жүзінде жүзеге асыру екендігі мәлім. «Қоғаммен байланыс» мамандығына түсу үшін география пәнінің қажеттілігі талапкерлерді басқа мамандық таңдауға мәжбүрлейді. Сондықтан мамандыққа қабылдау шығармашылық негізде жүзеге асырылғаны дұрыс», - дейді.
Шара соңында «Қоғамдык байланыс» мамандығы Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орындарына Қабылдау Ережесіне осы мамандықты тандаған талапкерлерді шығармашылық конкурс арқылы қабылдау туралы Қарар қабылданды.
Студенттік баспасөз Орталығы