25-қазан Республика күніне орай ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНА ДЕЙІНГІ ДАЙЫНДЫҚ КАФЕДРАСЫНЫҢ "Тоқыма бұйымдарын өндіру", "Әшекей бұйымдарын өндіру" стартаптарының жас шеберлері көрме және жәрмеңке ұйымдастырды. Бұл іс-шара мақсаты – университеттегі білім алушы жастарға қолөнерді насихаттау, үйрету, түрлі қолөнер бұйымдарымен таныстыру. Көрмеге келушілер де, көрушілер де көп болды. Көрмеге қойылған әрбір зат көрушілерді қызықтырып, қолөнерге деген құштарлығын арта түсті. Көрмеге қолдан тоқылған балаларға арналған ойыншықтар мен кішкентай қыздарға арналған көйлектер, сөмкелер, үйге киетін сүйретпе түрлері, әшекей бұйымдар, қыл қалам шеберінің қолынан шыққан туындылар қойылды. Көрмеге келушілер стартап шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдарға қызығып, сұрақтар қойып, сатып алып жатты. Жас шеберлеріміздің алдағы жоспарлаған жұмыстарына сәттілік тілейміз!