Айқын

23 қараша, 2015

Қоғаммен байланысты қайтіп нығайтамыз?

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы PR-білім берудің өзекті мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Шараға «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Жұмабек Кенжалин; Казкоммерцбанк, HR директоры Қуат Домбай; Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, телерадиожурналистика және қоғам-мен байланыс кафедрасының меңгерушісі Аязби Бейсенқұлов; Қазақстан және Орталық Азиядағы «Советник» (Ресей) журналы мен порталының өкілі Владимир Павленко; Огайо (АҚШ) университетінің профессоры Эми Эдмендсон; журналист, саясаткер Әмір-жан Қосанов; Petroleum журналының бас редакторы Олег Червинский, «Тимбилдинг компаниясының» басшысы, профессор Павел Токарчук, PR-шы клубының мүшесі, Алматы Менеджмент университеті «Мемлекеттік және қоғамдық саясат» кафедрасының доценті Бақыт Тұрабекова, Республикалық «Игілік» журналының бас редакторы Меруерт Әйтенова, М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Зәуреш Қойгелдиева, т.б. БАҚ өкілдері қатысты.

Алқалы басқосуды журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы кіріспе сөз сөйлеп ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Мұнан кейін жиынды кафедра меңгерушісі Назгүл Шыңғысова жүргізіп отырды.

Конференцияның мақсаты – «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша талапкерлер үшін қабылдау емтиханының мазмұны мен формасын өзгертуге байланысты және ма-мандық бойынша білім берудің өзге де өзекті мәселелерін талқылау. Мамандыққа түсу үшін тандау пәні география болғандықтан, бұл пәнді таңда-ған талапкерлердің басым бөлігі мақсатты түрде географиялық, геологиялық бағыттағы, «туризм» және т.б. мамандықтарға бағдарланады. PR-маманының кәсіби құзіреті – коммуникативтілік, креативтілік, шығармашылық көзқарас, жазу қабілеті, іскерлік қарым-қатынас, сөйлеу мәдениеті, шешендік өнер, көпшілікпен тез тіл табысу, идеяларды тәжірибе жүзінде жүзеге асыру екендігі мәлім. «Қоғаммен байланыс» мамандығына түсу үшін география пәнінің қажеттілігі талапкерлерді басқа мамандық таңдауға мәжбүрлейді.

Шара барысында Қазақстандағы PR-білім беру сапасы: стратегиялық міндеттер; кәсіби стандарт және коммуникациялық білім берудің өзекті мәселелері; дуалды оқыту – ғылым мен өндірісті тиімді ықпалдастыру жолы; білім беру үдерісіндегі қоғамдық және бизнес-коммуникацияның стратегиялары мен технологиялары; Қазақстандағы PR трендтері; қазіргі баспасөз қызметі. PR-дағы жаңа технологиялар; жұмыс берушілермен әріптестік қарым-қатынас болашақ PR-мамандарын сапалы дайындаудың алғышарты деген мәселелер талқыланды.

Жиын соңында «Қоғамдык байланыс» мамандығы Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орындарына Қабылдау Ережесіне осы мамандықты тандаған талапкерлерді шығармашылық конкурс арқылы қабылдау, сыныптамадағы «Қоғамдық байланыс» деген атауды «Қоғаммен байланыс» деп өзгерту, мамандықтың мәртебесін көтеріп, жағымды ой-пікір туғызу үшін бұқаралық ақпарат құралдарында РR саласына қатысты танымдық, тағылымдық, насихаттық мазмұндағы жарияланымдарды көбейту, РR мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттердің оқыту бағдарламаларын жүзеге асыруда жұмыс берушілер ұсыныстарын ескеру, жұмыс берушілер тарапынан

РR мамандығын алған түлектерді жұмысқа орналастыру мүмкіндігі туралы Қарар қабылданды.